«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Атырауда әйелдер кәсіпкерлігін мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды

2025 жылғы 29 Желтоқсан
- Атырау облысы
450 просмотров

Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы, Іскер әйелдер кеңесі және облыстық әкімдікпен бірлесіп, әйелдер кәсіпкерлігін мемлекеттік қолдау шараларына арналған кеңес өткізді.

Жергілікті атқарушы органдардың, даму институттарының және екінші деңгейлі банктердің өкілдері қатысқан іс-шара 2025 жылғы 22–31 желтоқсан аралығында өткізілетін Ұлттық ақпараттық науқан аясында ұйымдастырылды. Кампанияның мақсаты – әйел кәсіпкерлердің бизнеске қолдау көрсетудің қолданыстағы құралдары туралы хабардарлығын арттыру.

Өз сөзінде Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжан Мұхатаева әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері бүгінде республикалық деңгейде назарда екенін атап өтті.

«12 желтоқсанда Аида Балаеваның төрағалығымен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Онда әйел кәсіпкерлердің жетістіктері мен өзекті мәселелері айтылды. Іскер әйелдер кеңесі әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мен қолдауға тікелей қатысатындықтан, біз Кәсіпкерлер палатасы және әкімдікпен бірлесіп осы кеңесті ұйымдастырдық. Қазіргі таңда әйелдер кәсіпкерлігі саласында шешуді қажет ететін мәселелер бар: кепілдік несиелер, шалғай аудандардың инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі, оқыту және цифрландыру», – деді Гүлжан Мұхатаева.

Кеңесте киіз бұйымдарын өндірумен айналысатын кәсіпкер Дина Досаева да өз тәжірибесімен бөлісті.

«Мен бизнесімді алты жыл бұрын тіркедім. Киізден бұйымдар шығарамын, шағын цехым бар. Мемлекет тарапынан гранттар түріндегі қолдауға ризамын, алайда бір маңызды мәселе бар – өнімді өткізу нарығының жоқтығы. Қолөнершілер өз бұйымдарын сататын, шеберлік сабақтарын өткізетін, 7 жастан 70 жасқа дейінгі балалар мен ересектерді қолданбалы өнерге тартатын ортақ орталық жоқ. Облыста шамамен 250 қолөнерші бар, біз бұл мәселені жеті жылдан бері көтеріп келеміз. Оны республикалық деңгейде шешу қажет. Қазір біз үшін жалғыз сауда алаңы – әкімдік пен “Атамекен” мезгіл-мезгіл ұйымдастыратын жәрмеңкелер», – деді кәсіпкер.

Кеңеске қатысқан мемлекеттік органдардың, даму институттарының және екінші деңгейлі банктердің өкілдері бизнеске көрсетілетін қолдау шаралары туралы баяндады.

«Мемлекет шағын және орта бизнес субъектілеріне айтарлықтай қолдау көрсетуде: субсидиялау, кепілдендіру, несиелеу, гранттар және басқа да өңірлік бағдарламалар бар. Әсіресе әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдауды атап өткім келеді, олардың 90 пайызы – әйелдер. Атырау облысында әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне 86 субъект енгізілген, соның 78-і – әйелдер. Олардың көпшілігі қолдау алды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 22 кәсіпкерге жалпы сомасы 106 миллион теңге болатын қайтарымсыз гранттар берілді», – деді Атырау облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өкілі Перизат Танатова.

Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев ауыл кәсіпкерлеріне арналған мүмкіндіктерді еске салды.

«Ауыл бизнесі үшін “Ауыл аманаты” бағдарламасы жұмыс істейді. Өңірлік Кәсіпкерлер палатасы оны іске асыруға белсенді қатысуда. Қаржыландыру қарастырылған, кәсіпкерлерді қатысуға шақырамыз. Жобаларды сүйемелдеуге көмектесуге дайынбыз, Кәсіпкерлер палатасына, соның ішінде аудандық филиалдарға және “Атамекен – Атырау” микроқаржы ұйымына жүгінуге болады», – деді ол.

Кеңес қорытындысында қатысушылар негізгі проблемалық мәселелерді айқындап, өңірде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және қолдау бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.

Айта кету керек, қазіргі таңда Атырау облысында 68 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі бар, олардың шамамен 45 пайызын әйелдер басқарады.


 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174