Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасында 2025 жылдың қорытындылары шығарылды
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев Өңірлік кеңес мүшелері алдында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Отырыста бизнес дамуы мен оны қолдау бағытындағы жұмыстардың нәтижелері қорытындыланды.
Палатаның негізгі бағыттарының бірі – кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау болып қала береді. 2025 жылы барлығы 117 өтініш қаралды, оның 69-ы бизнес құқықтарын қорғау бағыты бойынша түскен.
Нәтижесінде 45 өтініш кәсіпкерлердің пайдасына шешіліп, қалпына келтірілген мүліктік құқықтардың жалпы сомасы 3,45 млрд теңгеден асты. Сонымен қатар 200-ден астам бизнес субъектісіне консультациялық көмек көрсетілді.
Есепті кезеңде өңірлік деңгейде төрт жүйелі мәселе және республикалық деңгейде екі мәселе анықталды. Аталған мәселелерді шешу бойынша «Атамекен» ҰКП орталық аппаратымен бірлескен жұмыс жүргізілуде.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің 10 отырысы өткізіліп, онда 20 мәселе қаралды және 45 ұсыныс әзірленді, оның 31-і іске асырылды. Палата сарапшылары 10 сот процесіне қатысып, сегіз жағдайда шешімдер кәсіпкерлердің пайдасына шығарылды.
«Бизнеске сервистік қолдау аясында шағын және орта кәсіпкерліктің 678 субъектісіне 693 қызмет көрсетілді. Қолдаудың негізгі түрлеріне бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізу, статистикалық есептілік жасау және бизнес-жоспар әзірлеу қызметтері кірді. Аудандық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары арқылы 1629 клиентке мемлекеттік бағдарламалар бойынша 5132 консультация берілді. «Іскерлік байланыстар» жобасы аясында алты өтінім қабылданып, екі кәсіпкер Германияда тағылымдамадан өтуге іріктелді», – деп хабарлады Нұрлан Сүйінбаев.
Өңірде жалпы құны 5,51 трлн теңгені құрайтын, 5,8 мың жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін 48 инвестициялық жоба іске асырылуда. Барлық жобалар «Атамекен» ҰКП мен Ұлттық индустриялық даму орталығының Инвестициялық интерактивті картасына енгізілген. Инвестициялық жобалар бойынша деректерді мониторингтеу және өзектендіру жұмыстары облыс әкімдігі және прокуратура органдарымен бірлесіп тұрақты түрде жүргізілуде.
2025 жылы ӨКП мамандары 1915 кәсіпорын арасында сауалнама жүргізіп, нәтижесінде 2538 адамға кадр қажеттілігі анықталды. Бұл деректер мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және қысқа мерзімді оқыту басымдықтарын айқындау кезінде пайдаланылуда.
Дуалды оқытудың Жол картасы аясында өңірдегі 16 колледж базасында 998 кәсіпорын үшін 2637 студент даярлықтан өтуде. «Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы тәлімгерлік мектебінде» 44 тәлімгер оқытылып, сертификат алды, ал ҰКП тізіліміне 13 оқу орталығы, оның ішінде кәсіпорындар жанындағы төрт оқу орталығы енгізілді.
Жылдың маңызды оқиғалары қатарында Атырау облысы әкімдігімен бірлесіп өткізілген дәстүрлі «Жыл кәсіпкері» қорытынды шарасы, шамамен 50 кәсіпкер қатысқан «Қазақстанның үздік тауары» конкурс-көрмесінің өңірлік кезеңі, сондай-ақ Қала күніне орай ұйымдастырылған «Атырау өнімі – 2025» отандық тауар өндірушілер жәрмеңкесі бар.
««Қазақстанның үздік тауары» конкурсының өңірлік туры аясында біз «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша көрме ұйымдастырдық. Оған облыстың барлық аудандарынан 33 кәсіпкер қатысты. Іріктеу қорытындысы бойынша үш финалист анықталып, олар қараша айында әрқайсысы 5 млн теңге көлемінде грант алуға мақұлданды», – деп атап өтті ӨКП басшысы.
Айта кету керек, өңірлік Кәсіпкерлер палатасының жұмысына 8 салалық кеңес елеулі үлес қосуда. Әр салалық кеңес бойынша кәсіпорындардың тұрақты тізілімі жүргізіледі, қазіргі таңда олардың құрамында 262 кәсіпкер бар. Жыл ішінде салалық кеңестердің 53 отырысы өткізіліп, 83 мәселе қаралды, оның 29-ы бизнестің пайдасына шешілді.
Қорытындылай келе, Нұрлан Сүйінбаев Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы өңірде бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау және кәсіпкерлер қауымдастығының мүдделерін қорғау бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыратынын атап өтті.


Пікір қалдыру:
Пікірлер: