Азамат Бейсенбенов ҚР ҒЖБМ жанындағы Қоғамдық кеңестің құрамына кірді
Қоғамдық кеңес – мемлекет, сарапшылар қауымдастығы және азаматтық қоғам институттары арасындағы ашық диалогты қамтамасыз ететін консультативтік-кеңесші орган.
2025 жылдың 2 желтоқсанында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы ғылым, жоғары білім және тіл саясаты мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Отырыста Қоғамдық кеңестің құрамы бекітіліп, оның төрағасы сайланды және профильдік комитеттер құрылды.
Ашық конкурс нәтижелері негізінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Азамат Амангелдіұлы Бейсенбенов Қоғамдық кеңес құрамына ресми түрде енгізілді.
Азамат Бейсенбеновтың тағайындалуы оның кәсіби тәжірибесі мен сараптамалық құзыреттерінің жоғары бағаланғанын, сондай-ақ адам капиталын дамыту, кадр даярлау сапасын арттыру және бизнес пен білім беру жүйесі арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға қосқан елеулі үлесін айшықтайды. Оның Қоғамдық кеңестегі қызметі жоғары білімді реформалауда тәжірибеге бағытталған тәсілдерді күшейтуге, процестердің ашықтығын арттыруға және ел экономикасы үшін мамандар даярлау ісінде тиімді шешімдер қабылдауға ықпал етпек.

Қоғамдық кеңестің міндеттеріне стратегиялық құжаттарды талқылау, қоғамдық бақылау жүргізу, ғылым және жоғары білім саласындағы мемлекеттік басқару сапасын арттыру бойынша ұсынымдар әзірлеу кіреді.
Отырыс барысында Қоғамдық кеңестің төрағасы болып бірауыздан мемлекеттік және қоғам қайраткері Бейбіт Баймағамбетұлы Мамраев сайланды, сондай-ақ төрт профильдік комитет құрылды.
«Атамекен» ҰКП бизнес пен білім беру жүйесінің байланысын нығайту, адами капиталды дамыту және кадр даярлау ісінде тәжірибеге бағытталған тәсілдерді ілгерілету мақсатында Қоғамдық кеңеспен бірлескен жұмысты жалғастырады.


Пікір қалдыру:
Пікірлер: