«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстан - Қытай іскерлік диалогы: экспорт, инвестициялар және құқықтық ынтымақтастық механизмдерін дамыту

2025 жылғы 02 Желтоқсан
469 просмотров

2025 жылғы 2 желтоқсанда Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Қытай халықаралық саудаға жәрдемдесу комитетінің (CCPIT) Құқықтық мәселелер департаменті делегациясымен кездесу өткізді. Кездесудің мақсаты - Қазақстан мен Қытайдың іскерлік орта өкілдері арасындағы практикалық өзара іс-қимылды тереңдету, сыртқы экономикалық қызметті құқықтық сүйемелдеуді жетілдіру және тұрақты ынтымақтастық механизмдерін қалыптастыру болды.

Кездесуге Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма Төрағасы Мұрат Қарымсақов, сондай-ақ Қытай тарапынан CCPIT Құқықтық мәселелер департаментінің бас директоры Yu Yi және екі ұйымның салалық бөлімше өкілдері қатысты. Кездесу басында Мұрат Қарымсақов Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестіктің стратегиялық маңыздылығын және құқықтық саладағы үйлестірілген тәсілдердің өзектілігін атап өтті.

Ол:

«Қазақстан мен Қытай стратегиялық экономикалық ынтымақтастықты дәйекті түрде дамытып келеді, ал осы өзара іс-қимылдың құқықтық негізін нығайту - екіжақты жобалардың тиімділігін арттырудың басты шарты. Сауда көлемінің өсуі және кооперациялық жобалардың кеңеюі жүйелі үйлестіруді, сондай-ақ рәсімдердің ашықтығы мен келісімділігін арттыруды талап етеді», - деді.

Тараптар форс-мажор жағдайларын растау, экспорттық-импорттық әкімшілендіруді жетілдіру, сертификаттау және құжаттық сүйемелдеу, сондай-ақ контрагенттерді өзара тексеру мен ақпарат алмасу процестерін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды. Бұл бағыттар коммерциялық міндеттемелердің тұрақтылығын арттыру және халықаралық қызметтегі тәуекелдерді төмендету үшін маңызды.

Кездесу барысында CCPIT пен «Атамекен» ҚР ҰКП арасында Коммерциялық-құқықтық ынтымақтастық комитетін құру туралы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Құжатқа сәйкес тараптар Комитетті Ынтымақтастық туралы келісім аясында құрады, коммерциялық құқық саласындағы өзара іс-қимылды күшейтеді, сондай-ақ сауда-экономикалық дауларды консультациялар, диалог, медиация және келіссөздер арқылы шешуге ниетті екенін растайды. Жаңа механизм Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың орнықты дамуына жәрдемдесуге бағытталған.

Сонымен қатар CCPIT Құқықтық мәселелер департаментінің қызметі туралы ақпарат ұсынылды. Департамент Комитеттің құқықтық мәселелерін кешенді үйлестіруді қамтамасыз етеді, коммерциялық құқықтық қызметтер жүйесін қалыптастырады, сауда мен инвестицияларды ілгерілету саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша зерттеулер жүргізеді және ұсыныстар әзірлейді. Сондай-ақ департамент халықаралық құқықтық өзара іс-қимылды дамыту, бизнеске антидемпингтік және қорғау шаралары шеңберіндегі тергеулер барысында қолдау көрсету, дискриминациялық кедергілерді жою және зияткерлік меншік мәселелерін дамыту бағыттарымен айналысады.

 Кездесу соңында тараптар бұл диалогтың бизнеске құқықтық және ұйымдастырушылық қолдау тетіктерін нығайтуға, өзара сенімді арттыруға және Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың тиімділігін жоғарылатуға маңызды үлес қосқанын атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174