«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбе облысының жолаушы тасымалдаушылары субсидия кешігуіне тап болды — тарифтерді қарау мерзімдерінің бұзылуы мәселесі Кәсіпкерлер палатасының көлік және логистика салалық кеңесінде талқыланды

2025 жылғы 13 Қараша
- Ақтөбе облысы
266 просмотров

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасында көлік және логистика салалық кеңесінің отырысы өтіп, онда «Ақтөбе облысы жолаушы тасымалдаушылары бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің тарифтік есептерді қарау мерзімдерінің бұзылуына байланысты субсидия алу мәселесі қаралды.

Кеңес төрағасы Рустам Мартасов күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігін атап өтті.

«Бүгінгі тақырып – өте маңызды. Тарифтердің уақытылы қаралмауы мен субсидияның кешіктірілуі өңірдегі жолаушылар тасымалының тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Әлеуметтік маңызы бар бағыттарда қызмет көрсететін тасымалдаушылар үшін бұл қаржылық тәуекелдер мен жұмыс барысындағы қиындықтарға әкеледі», — деді ол.

«Ақтөбе облысы жолаушы тасымалдаушылары бірлестігінің» төрағасы Қанай Ермұхамбетов қазіргі жағдай туралы баяндады.

«Біз тарифтік есептерді қарау мерзімдерінің жүйелі түрде бұзылуына тап болдық. Субсидиялау қағидаларына сәйкес, тарифтік комиссия құжаттарды 15 жұмыс күні ішінде қарауы тиіс. Алайда іс жүзінде бұл процесс екі-үш айға дейін созылып кетеді. Соның салдарынан субсидия кешігіп, әлеуметтік маңызы бар тасымалдардың орындалуы қауіп төндіреді», — деді ол.

Оның айтуынша, 3–8 қазан аралығында тасымалдаушылар «Ақтөбе – Ырғыз», «Ақтөбе – Ойыл», «Ақтөбе – Жүргенов ауылы», «Ақтөбе – Қобда», «Ақтөбе – Бадамша» және басқа да бағыттар бойынша түзетілген тарифтік есептерді қайта ұсынған.

«Бүгінгі күнге дейін бұл бағыттар бойынша шешім қабылданған жоқ. Жаңа маршруттар субсидия алмай отыр, ал есептер қыркүйек айында тапсырылған болатын. Біз бюрократиялық кідірістер мен басқарма тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігін байқап отырмыз», — деді Қанай Ермұхамбетов.

Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Рахат Тәжібаев тасымалдаушылардың шағымдарының негізді екенін растады.

«Мәселе шынымен бар. Палатаға тасымалдаушылардан тұрақты түрде өтініштер түсіп жатыр. Әрине, кейбір есептерде түзету қажет болуы мүмкін, бірақ мұндай сұрақтарды комиссия отырысына дейін алдын ала шешуге болады. Бұл уақыт жоғалтпауға және төлемдердің дер кезінде жүргізілуіне мүмкіндік берер еді», — деді ол.

Сондай-ақ, ол алдын ала жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті: -«Тасымалдаушыларға тарифтік есептерді дайындау кезінде консультациялық көмек көрсету және мемлекеттік органдар арасында жедел өзара іс-қимылды жолға қою қажет. Сонда субсидиялау процесі ашық әрі жылдам болар еді».

Ақтөбе облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Әлімбаев басқарманың бұл мәселені шешуге дайын екенін жеткізді.

«Біз тарифтік есептерді жақын күндері тарифтік комиссияның қарауына шығарамыз. Басқарма барлық ұсынылған материалдарды белгіленген мерзімде қарап, тарифтерді уақытылы бекітуді және субсидиялардың төленуін қамтамасыз етуге дайын».

Ал Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы инвестициялық жоспарлау бөлімінің басшысы Марал Мыржықбаева 2026 жылғы бюджеттік жағдай туралы хабарлады.

«2026 жылға арналған бюджет тапшылықпен бекітілді. Үкіметтің хаттамалық тапсырмалары шеңберінде шығыстарды шолу жүргізілуде, оған бірінші кезекте субсидиялар енгізілген. Бұл субсидиялау мәселелері қосымша бағалаудан өтеді дегенді білдіреді. Қазіргі уақытта субсидия көлемін арттыру бойынша өтінімдер қаралған жоқ, себебі үш жылдық бюджет жоспары бекітіліп қойған», — деді ол.

Отырыстың қорытындысы бойынша қатысушылар тасымалдаушыларға тарифтік комиссияның ескертулерін ескере отырып, жаңартылған тарифтік есептерді жолаушылар көлігі басқармасына ұсынуды ұсынды.
Өз кезегінде Ақтөбе облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тарифтік комиссияның отырысын осы жылдың 20 қарашасына дейін өткізу ұсынылды.

«Басты мақсат – тасымалдаушылар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың нақты тетігін қалыптастыру. Кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені өз бақылауында ұстайды және әлеуметтік маңызы бар бағыттарда жұмыс істейтін бизнес субъектілерінің құқықтарының бұзылмауын қамтамасыз етеді», - Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Руслан Қуишинов отырысты қорытындылай келе атап өтті.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174