«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Кең ауқымды мәселе» – павлодарлық «Атамекенде» бизнес жүк тасымалына қойылған жаңа талаптарды талқылады

2025 жылғы 15 Тамыз
- Павлодар облысы
908 просмотров

Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасында логистика және цифрландыру жөніндегі салалық кеңес бизнес үшін маңызды бірқатар мәселелерді көтерді. Солардың бірі – шетелдік жүк тасымалына рұқсат бланкілерін бөлу тетігінің жаңа механизмі.

Мәжілісті «Атамекен» ӨКП директорының міндетін атқарушы Жомарт Сембаев жүргізді. Логистика және цифрландыру жөніндегі салалық кеңес мүшесі, Павлодар облысы ӨКП-ның өкілі, «Штерн» ЖШС-нің бас директоры Валерия Майбах 2024 жылғы 10 шілдеде Қазақстан Республикасының Көлік министрі қол қойған № 239 бұйрықтың (2015 жылғы 27 наурыздағы № 353 «Қазақстан Республикасында халықаралық қатынастағы автомобиль тасымалдарында рұқсат жүйесін қолдану қағидаларын бекіту туралы» Инвестициялар және даму министрінің м.а. бұйрығына өзгерістер енгізу туралы) тасымалдаушы компанияларға қалай әсер еткенін баяндады. Құжат, оның айтуынша, 2025 жылғы 15 қаңтардан бастап күшіне енген.

«Бұйрықта жазылған шетелдік жүк тасымалы рұқсат бланкілерін беру тетіктерінің салдарынан бизнес қана емес, жалпы адамдардың да құқықтары шектеліп отыр. Логистика – бұл өте икемді болуы тиіс сала, өйткені тасымалдаушы кәсіпкерлердің бағыты, жұмыс шарттары сағат сайын өзгеріп отырады. Ал жаңа бұйрық пен рұқсат бланкілерін бөлу механизмімен біз бизнесімізде және өз саламызда еркін жұмыс істей алмай отырмыз», – деді ол.

Оның айтуынша, бұл бұйрық бланк алғаннан кейін 30 күн ішінде елден шығу талабын енгізген. Егер елден шығу бланкісі берілген көлік 30 күн ішінде Қазақстан аумағынан шықпаса, оның VIN-коды бойынша алты ай бойы шекарадан өтуге тыйым салынады. Бұл компаниялардың шетелге жүк жеткізіп табыс табу мүмкіндігін қатты шектейді. Ал ел ішіндегі жүк тасымалы кәсіпкерлердің көбісі үшін айтарлықтай табыс көзі болып саналмайды.

«Қазақстанға кіргеннен кейін де шектеу бар: 30 күн ішінде бланкілерді тапсыруымыз керек. Елден шығу – өте кең ауқымды мәселе, өйткені бізді «цифрға» қосты, және тіпті заңға бағынатын тасымалдаушының да Қазақстаннан шығуы үшін барлық ақпараттық жүйелерден рұқсат алуы қажет. Алдымен «дозвол» аламыз, оны дәл сол күні жасау керек. Бірақ Павлодар облысында біз оны 3–5 күнде ғана аламыз!», – деп қосты Валерия Майбах.

Қазір павлодарлық жүк тасымалдаушылар негізінен Қытай, Өзбекстан және Қырғызстан бағыттарына жұмыс істейді, бірақ бұл бағыттардағы жолдарда кезектер бар. Ресей бағыты бойынша да жағдай сондай.

«Бізге Қытайға шығу есепке алынбайды деп айтқан еді: яғни, Қазақстаннан шыққан болып саналмайды. Бірақ қазір ол есептеліп жатыр. Бұл ақпарат бізге тек блокқа түскеннен кейін жетті. Барлық цифрлық жүйелермен интеграциялануы тиіс «Беркут» жүйесі шын мәнінде бір-бірімен байланысты емес. Ашықтық та жоқ: біз компаниялардың бланк алуын дәл сол күні көреміз деп айтылған, бірақ біз оны көрмейміз», – деді ол.

Валерия Майбахтың айтуынша, елден шығуға рұқсат бланкілерін беру мерзімінен бастап мемлекеттік органдардың өздері де белгіленген уақытты бұзады. Кейде «Беркут» электрондық жүйесі шығу және кіру фактілерін тіркемейді; оның ақаулары бар: бағдарлама таңбаларды қате оқиды, сандарды әріпке ауыстырады, көптеген қателік жібереді.

«Уәкілетті органдар жүйенің өзіне сілтейді: егер ол «солай деді» – біз бағынуымыз керек. Біздің ережебұзушылықтарымызды бізге алдын ала хабарламайды, кейін ғана білеміз. Бізге белгілі бір жағдайдың не себептен болғанын жазбаша түсіндіруге мүмкіндік бермейді. Бір жолы электрондық жүйе 2–3 апта жұмыс істемеді, ал мерзімінде шыға алмағаны үшін тасымалдаушы зардап шекті», – деді Валерия Майбах.

Павлодар облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясының мемлекеттік қызметтер бөлімі басшысы Марат Тлегенов рұқсат беру жүйесі алғашында өте нашар жұмыс істегенін мойындады: жергілікті мемлекеттік орган мен кәсіпкерлерге қиын болды. Алайда қазір бұл электрондық жүйе біртіндеп автоматтандыру мен бейімделу сатысынан өтуде.

«30 күндік мерзімге келсек, бізде 6 қазанда күшіне енетін жаңа бұйрық шығады – онда қазіргі механизмдерге өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, елден шығуға тасымалдаушыларға 50 күн, ал елге кіруге 60 күн беру жоспарланып отыр», – деп түсіндірді ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174