«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнестің және болашақ мамандардың игілігіне бағытталған оқыту: Ақтөбеде кәсіпорындар үшін тәлімгерлер даярланды

2025 жылғы 02 Шілде
- Ақтөбе облысы
618 просмотров

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасында тәлімгерліктік жүйені дамытуға бағытталған екі күндік ерекше оқыту жоба – «Тәлімгерлік мектебі» өтті. Бұл шараға кәсіпорындар мен колледждердің өкілдері, сондай-ақ жеке кәсіпкерлерден құралған 37 адам қатысып, ресми түрде тәлімгер мәртебесін растайтын сертификаттарға ие болды. Олардың қатарында Ақтөбе байланыс және сигнализация беру дистанциясының өкілдері, "ҚТЖ Жүк тасымалы" ЖШС, "Қазақтелеком" АҚ филиалы, "Ozat Orken" ЖШС, "Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты" АҚ, "КварцСпецСервис" ЖШС, сондай - ақ білім беру ұйымдары - мектептер, қосымша білім беру, дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастығы және т. б. бар.

Аталған бағдарлама «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жүзеге асырылады және қазіргі уақытта өндірістік үдерістерге бірден кірісуге дайын білікті кадрларға деген жоғары сұраныс жағдайында аса өзекті болып отыр. Екі күндік семинардың тақырыбы – «Жұмыс орнында оқыту педагогикасы. Мамандар-тәлімгерлерді аттестаттау». Лектор – «Атамекен» ҚР ҰКП Адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары, сертификатталған жаттықтырушы-мультипликатор Лязат Шонаева.

Қазіргі еңбек нарығы тек дипломы бар мамандарды ғана емес, нақты тәжірибесі мен өндірістік үдерістер туралы білімі бар практиктерді талап етеді. Бұл тұста тәлімгерлердің рөлі шешуші. Олар – стажерлар мен жаңа қызметкерлерді тікелей жұмыс орнында үйретіп, тәжірибесімен бөлісіп, кәсіби бейімделуге жәрдемдесетін мамандар.

«Егер дуалды оқыту туралы айтсақ, онда студентті нақты өндірістік жағдайда дайындау жауапкершілігі жұмыс берушінің мойнында. Бұл жауапкершілікті өз мойнына алатын адам – тәлімгер. Біздің бағдарламада педагогикалық және әдістемелік негіздер, сондай-ақ тиімді тәлімгерлік қызметтің құқықтық және ұйымдастырушылық механизмдері қарастырылған», – деп түсіндірді семинар лекторы Лязат Шонаева.

Оқыту барысында қатысушылар дуалды білім берудің механизмдерімен, оқыту модельдерімен және педагогикалық тәсілдермен, өндірістік оқыту жоспарын әзірлеу әдістерімен, сондай-ақ тәлімгерлік қызметтің психологиялық аспектілерімен танысты.

Курс соңында тыңдаушылар аттестаттаудан өтіп, ресми сертификат алды және «Атамекен» ҰКП жанындағы тәлімгерлер реестріне енгізіледі.

«Тәлімгерлік мектебі» жобасы 2021 жылдан бері іске асырылып келеді және осы уақыт ішінде түрлі салалар бойынша облыс бойынша 170 тәлімгер дайындалды. Бұл оқыту тәлімгерлердің қызметін заңдастырып қана қоймай, колледждерден қаржыландыру алуға да мүмкіндік береді — ол үшін кәсіпорында тәлімгер ресми түрде бекітіліп, сертификатқа ие болуы тиіс. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында бұл бастама ерекше маңызға ие болуда», - дейді Владимир Сухорученко, ӨКП директорының орынбасары.

 Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, өңірде 60 мамандық және 87 біліктілік бойынша дуалды оқытудың Жол картасы жүзеге асырылуда. Жобаға 1200-ден астам кәсіпорын мен 28 білім беру ұйымы қатысып, 6 мыңнан астам студентті бірлесіп оқытып жатыр.

Семинарға қатысушылар оқу курсының маңыздылығын және оның тәжірибелік құндылығын бірауыздан атап өтті.

«Біз жас қызметкерлерді қалай тиімді оқыту керектігін түсініп қана қоймай, өз кәсіпорындарымызда енгізетін нақты құралдар алдық», – дейді олар.

Тұрақты тәлімгерлік институтты қалыптастыру – бұл болашаққа салынған инвестиция. Бұл – өңір кәсіпорындарының кәсіби әрі ынталы кадрларға сүйене отырып, тұрақты даму жолына түсуіне мүмкіндік беретін жол. «Тәлімгерлік мектебі» – бизнестің білім беру саласымен серіктестікте ортақ табысқа жетудің жарқын үлгісі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер