Қарағанды мен Гомель іскерлік әріптестікті нығайтуда: келісімдерге қол қойылып, B2B-кездесулер өтті
Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының алаңында Беларусь Республикасының Гомель облысынан келген делегациямен бизнес-кездесу өтті. Делегация құрамында мемлекеттік органдардың өкілдері, Беларусь сауда-өнеркәсіп палатасы және «Гомсельмаш», «Гомель химия зауыты», «Спартак», «Гомель ет-сүт компаниясы» сынды ірі кәсіпорындардың басшылары болды.
Кездесуді Қарағанды облысы өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Асқар Газалиев ашты. Ол екі өңір кәсіпкерлері арасындағы тікелей диалогтың маңыздылығын атап өтті.
«Қарағанды облысы халықаралық әріптестікті белсенді дамытып келеді. Беларусь — біздің стратегиялық серіктестеріміздің бірі. Азық-түлік өндірісі, машина жасау, химия және агроөнеркәсіп салаларында бірлескен жобаларға нақты қызығушылық бар», — деп атап өтті Асқар Арстанұлы.
Беларусь тарапынан Гомель облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Ксения Пантюхова сөз сөйледі. Ол жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараға ризашылығын білдіріп, әріптестіктің болашағына сенім білдірді.
«Қарағанды бізде өндірістік және инвестициялық тартымды өңір ретінде жақсы әсер қалдырды. Бүгін басталған диалог нақты келісімдер мен өзара тиімді бастамаларға ұласады деп сенемін», — деді Ксения Александровна.
Кездесу аясында екі тараптың презентациялары ұсынылып, Қарағанды және Гомель облыстары туралы бейнефильмдер көрсетілді. Сонымен қатар, қазақстандық және беларусьтік компаниялар арасында В2В-келіссөздер жүргізілді.
Тараптар ұзақ мерзімді әріптестікке ниетті екендігін растайтын негізгі құжаттарға қол қойды: Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы мен Беларусь сауда-өнеркәсіп палатасының Гомель бөлімшесі арасындағы ынтымақтастық туралы келісім, ОАО УКХ «Гомельская мясо-молочная компания» мен ТОО «Triumph KZ» арасындағы жеткізу туралы шарт, ОАО «Рогачевский МКК» мен АО «Евразиан Фудс» арасындағы ниет хаттамасы, СП ОАО «Спартак» пен ТОО «Triumph KZ» арасындағы жеткізу туралы шарт, сондай-ақ «Гомель-Ратон» және «Сарыарқа» АЭА арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум.
«Қол қойылған келісімдер — бұл жай құжат емес, шынайы ынтымақтастықтың берік негізі. Қазірдің өзінде логистикалық және өндірістік жобалар пысықталуда», — деді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпеисов.
Делегацияның сапары 16 сәуір күні облыс әкімдігінде ресми кездесумен және агроөнеркәсіптік кәсіпорындарға барумен жалғасады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: