«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сайрамға сапар – кәсіпке серпін

2025 жылғы 11 Сәуір
- Түркістан облысы
377 просмотров

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасарлары Зухра Амирова және Ербол Ауелбеков келесі жұмыс сапары Сайрам ауданына бағытталды. Мұндағы бірқатар ірі өндірістік жобалармен танысу барысында кәсіпорындарды толғандырып отырған нақты мәселелер мен оларды шешу жолдары қаралды.

«KazEco Meat» ЖШС – ірі қара мен ұсақ мал өсіру, бордақылау және толық циклмен қайта өңдеуді қамтитын агроөнеркәсіптік жоба. Кәсіпорын ет өнімдерінен бастап, сүйек ұнына дейін өндіріс жүргізеді. Қазіргі уақытта жаңа бордақылау және қайта өңдеу цехының құрылысы жүріп жатыр. Барлық өндірістік процестер заманауи жабдықтармен жабдықталып, халықаралық стандарттарға сай жүргізілуде. Жоба сомасы – 4,5 млрд теңге. Инфрақұрылым толық тартылған. Дегенмен, кәсіпорынға жеткізілген жабдықтардың бір бөлігі ғана ҚҚС-тан босатылған. Бұл ретте салық органдары тарапынан 6 млн теңге көлемінде қосымша салық міндеттемесі қойылып отыр. Кәсіпорын бұл мәселеге қатысты нақты түсіндіру мен әділ шешім күтуде.

«Кузов Карабулак» ЖШС – арнайы техника, соның ішінде 5-тен 40 тоннаға дейінгі жүк тасымалдауға арналған тіркемелерді өндіретін зауыт. Сонымен қатар, кәсіпорын осы техникаларды жөндеу және қызмет көрсету жұмыстарын да атқарады. Алғашында шағын дәнекерлеу цехы ретінде жұмысын бастаған бұл мекеме бүгінде өнімдеріне жеке сәйкестендіру нөмірін беретін толыққанды зауыт деңгейіне жеткен. Қазіргі таңда 15 000 шаршы метрлік жаңа өндірістік алаңның құрылысы жүргізілуде.

Кәсіпорынның негізгі мәселелерінің бірі – білікті жұмыс күшінің жетіспеушілігі. Әсіресе, жоғары жалақысы бар, сұранысқа ие жұмыс мамандықтары бойынша тапшылық байқалады. Бұл тұрғыда кәсіпорын Д.Қонаев атындағы арнайы техникалық колледжбен және көршілес ауылдармен бірлесіп жұмыс істей алатын «якорлық» өндіріс орны ретінде қарастырылуы мүмкін. Сонымен қатар, зауытты кеңейту үшін шамамен 3000 кВт электр қуаты қажет екені анықталды.

«SPK TuranAgro Ет Сүт» – бірнеше шаруа қожалықтарынан құралған кооператив. Ол ірі қара малды бордақылаумен, оны ішкі және сыртқы нарыққа өткізумен, сондай-ақ халықтан сүт жинаумен айналысады. 2019 жылдан бастап кәсіпорын Өзбекстан Республикасына тұрақты түрде ет өнімдерін экспорттап келген. Алайда 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап салық органдары тарапынан кәсіпорынның барлық электрондық шоттары бұғатталып, экспорт іс жүзінде тоқтап тұр. Кооператив құрамындағы шаруа қожалықтары да мал бордақылауға және оны әрі қарай өткізуге қажетті қаржыландырудан айырылған.

Кәсіпкерлер палатасы тарапынан бұл мәселелер толық зерделеніп, бизнеске нақты көмек көрсету үшін құзырлы мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстар жүргізілетін болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер