«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Германияда тағылымдамадан өту үшін бизнесті іріктеуге құжаттарды қабылдау күндері анықталды

2024 жылғы 22 Қаңтар
- Павлодар облысы
7163 просмотров

"Іскерлік байланыстар" Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының құралын іске асыру шеңберінде Германияда тағылымдамадан өту үшін конкурстық іріктеуге құжаттарды қабылдау күндері айқындалды. Қабылдау Павлодар облысының "Атамекен" палатасы арқылы 23 қаңтардан 2 ақпанға дейін жүргізіледі.

Конкурстық іріктеу 15 ақпанға дейін онлайн режимінде өтеді деп жоспарлануда. Іріктеуді өткізу үшін комиссия құрамы "Атамекен" ҰКП және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Неміс қоғамының (GIZ) өкілдерінен тұрады. Өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін конкурстық іріктеудің басталғаны туралы хабарландыру жарияланады.

"Тағылымдама Германияның білім беру орталықтарының қатысуымен онлайн режимінде және Германияда болған кезде жеке өтеді. Шағын және орта бизнестің және экономикалық секторлардағы қызметі қабылдаушы тараптың талаптарына сәйкес келетін компаниялардың басшылары қатыса алады. "Ақылды" ауыл шаруашылығына (Smart Farming), "жасыл" технологиялар саласына баса назар аударылады, ал қалған топтарға қатысуға экономиканың барлық салалары сәйкес келеді. Бұдан басқа, жылдық орташа табыстың кемінде 10 000 (он мың) айлық есептік көрсеткіш болуы қажет", - деп түсіндірді Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов.

Іріктеу кезінде комиссия кооперациялық жобаның мақсатына назар аударады, қатысушының басқарушылық қасиеттерін бағалайды, Шетелдік кәсіпорындармен кооперация ниетін, кәсіпорынның әлеуетін және шет тілін білуін ескереді (қатысушының қалауы бойынша шет тілінде тағылымдамадан өтуге болады).
Құжаттар пакетіне "Атамекен" ҚР ҰКП үшін тағылымдамаға қатысуға өтінім, нысан бойынша сауалнама, "Іскерлік байланыстар" құралын іске асыру шеңберіндегі қатысушының міндеттемесі, компания туралы ақпараты бар буклет немесе "PowerPoint" бағдарламасындағы презентация, өнімнің, жабдықтың техникалық ерекшелігі және кәсіпкердің не сатып алғысы немесе сатқысы келетіні кіреді, қабылдаушы тараптың атынан өкілдік ететін фирмалардың Павлодар компаниясының ұсыныстарына, өтініштеріне қызығушылықтарын куәландыратын хаттары (бар болса), Қазақстанда Egov сайтынан салық төлеушінің соңғы 36 айдағы табысын растау туралы алынған табыстары туралы анықтама және басшыны көрсете отырып, мемлекеттік тіркеу туралы анықтама немесе директорды тағайындау туралы бұйрық.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер