«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сүйікті іс табыс көзіне айналды

2021 жылғы 06 Тамыз
- Павлодар облысы
7553 просмотров

Биыл Павлодар облысының 1000 тұрғыны «Бастау» жобасы бойынша оқуға қатысты.

Қазіргі кезде оқудың 4-легі аяқталуға жақын, оның барысында кәсіпкерлік негіздерін 203 тыңдаушы игеріп жатыр. Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Серік Сәдуақасов 8 тамызда 4-лек аяқталатынын, соның нәтижесінде 130 тыңдаушы бағдарламаны сәтті игеріп, бизнес-жоспарлар дайындағанын айтты.

 «Биыл өңірде 1250 тұрғынды оқыту жоспарланған. Қазіргі кезде 1006 тұрғын оқудан өтті. 16 тамызда оқудың соңғы 5-легі басталады. Оқу онлайн режимде өтуде және 21 күнге шақталған. Бүгінде «Бастау» жобасының әр жылғы түлектеріне кәсіп бастауға «Атамекен-Павлодар» микроқаржы ұйымы арқылы жылдық 6 пайызбен несие алуға мүмкіндік берілді», – дейді Серік Сәдуақасов.

 Түлектер арасында Павлодар қаласының тұрғыны Александра Верхова биыл кәсіп ашуға мүмкіндік алды.

 «Мамандығым бойынша тігіншімін. Осы мамандықты оқып алуға ата-анам кеңес берді, «Бастау» жобасына да осы кісілердің ұсынысымен бардым. Тереңкөлде лицей аяқтап, содан кейін ательеде тағылымдамадан өттім. Осылайша 8 жыл жұмыс істеппін. Содан кейін тұрмыс құрдым, балалар дүниеге келді. Декреттік демалыста өзім кәсіп бастап көргім келді. Балаларыма киім тігіп жүргенімде трикотажды мықтап қолға алу идеясы келді, өйткені дүкендерде көңілден шығатын киім аз болды», – дейді кәсіпкер.

 «Бастау» түлегінің жұмыстарын alexandra_verkhova инстаграм парақшасынан көруге болады. Кәсіпкердің өз клиенттік базасы бар. Киім үлгілерін келіншек өзі ойлап табады. Оқуды аяқтаған соң Александра Верхова жеке кәсіпкерлік ашып, бизнес-тренер Ақмарал Сайтқұлова көмегімен бизнес-жоспар құрды, гранттар байқауына қатысып, 200 АЕК көлемінде грант ұтып алды. Осыған дейін келіншек үйде отырып жұмыс істесе, қазір цехті жалға алған.

«Грант қаражатына «Бастау» түлегі заманауи тігін машиналарын және 4-жіпті торлағыш машина сатып алды.  Тігінші ұсынған ассортиментте сыртқы және спорттық киім, әйелдер және ерлер, балалар киімі. Бұған дейін спорттық костюмдер, футболкалар тігетін, енді барлық жастағы адамдар үшін күнделікті ыңғайлы трикотаж киім тігуге көшкен», – деді Ақмарал Сайтқұлова.

  «Дұрыс бағыт таңдағаныма бір сәтте күмәнданбадым. «Бастау» жобасымен оқу кәсіп бастауға ынталандырады. Кез келген адам кәсіп бастай алатынын түсінесің. Atameken akademу платформасында бизнес ашу бойынша жақсы бейнематериалдар бар, пайдалы ақпарат жиналған.  Бастысы – алға қарай ұмтылу және өз таңдауына жауапты болу. Осы жобаға қатысқаным үшін қуанамын. Ассортиментті өсіріп, жаппай өндірісіті жолға қойып, дүкен ашуды жоспарлап отырмын», – дейді Александра Верхова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер