«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Су тарифы, жер тапшылығы және тендерлерге қатысу: Ақсу бизнес өкілдері өз проблемалары туралы айтты

2021 жылғы 19 Шілде
- Павлодар облысы
7053 просмотров

Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының дирекциясы Өңірлік кеңеспен бірлесіп, бизнеспен көшпелі кездесулер циклін жалғастыруда. Іс-шараның негізгі міндеті – жергілікті жерлерде кәсіпкерлердің аудандарда қалай жұмыс істеп жатқанын, қызметте қандай проблемалар туындайтынын білу.

Ақсу өңірінің бизнес өкілдерімен кездесу барысында шағын индустриялық аймақта кәсіп бастаған кәсіпкерлермен, «Бастау» жобасының түлектерімен жемісті диалог жүргізілді. Қазіргі кезде индустриялық аймақта ұлттық және балалар киімін шығаратын, косметикалық қызмет көрсететін төрт кәсіпкер жұмыс істеп жатыр.

«Жәңгір» пиццериясының иесі Марат Асқапов бизнесін кеңейтпек ойы бар. Осыған байланысты кәсіпкерге қосымша жер телімі қажет. Жас кәсіпкер  Алена Депутат балалар тоқыма киімін өндіреді. Өндірісті кеңейту үшін келіншек Бизнестің жол картасы-2025 бағдарламасы бойынша гранттық қаржыландыруға өтінім берді. Кәсіпкер өз орынжайын сатып алу үшін несие алуды жоспарлағанын, алайда, кепілдік мүлкі болмағандықтан қиындық туындағанын айтты.

 «Теплица Аксу» ЖШС жұмысымен танысу барысында Дәулет Сағындық компания 2017 жылы құрылғанын айтты. Кәсіпкер қияр өсірумен айналысады, өнімдерді Ақсу, Павлодар қалаларының базарларында сатады. Кәсіпорында 50 адам еңбек етеді.

Ал «ДАНиЕр» ЖШС басшысы Нұрлан Нұрмағамбетов фирманың жіксіз құбырларды дайындаумен айналысатынын айтты. Компания 2011 жылы құрылған, мұнда 35 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын директоры тендерге қатысты мәселелер барын тілге тиек етті. Оның айтуынша, басқа өңірлерден ешқандай өндірістік базасы жоқ азаматтар тендерді ұтып кетеді, кейін жұмысты атқаруға субмердігерлерді жалдайды. Нәтижесінде жұмыс сапасыз орындалады.

 «Тимур» шаруа қожалығы 1994 жылы құрылған, қожалық басшысы Равиль Мингазовтың айтуынша, қожалық картоп, көкөніс, дәнді дақылдарды өсірумен айналысады. Ұжымда 47 жұмысшы бар. Фермер суға жоғары тариф белгіленгеніне шағымданды.

 «Бизнес мәселелерін шешу – Өңірлік палатаның басты міндеті. Аудан-ауданға барып, кәсіпкерлермен кездесу диалог орнатудың тиімді жолы, нәтижесі де жақсы. Осылайша бизнестің түйткілдерімен жақын танысып, шешу жолдарын іздеуге болады. Кездесу барысында кәсіпкерлер көтерген барлық мәселелер жұмысқа алынды. Бизнеспен осындай көшпелі кездесулер жалғасатын болады, айтылған мәселелер алдағы уақытта жоспарлы түрде шешілетін міндеттер пулына енеді», – деп атап өтті Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Серік Сәдуақасов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер