«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Серік Садуақасов: Мүгедек жандарға мемлекеттен бөлек бизнес те қамқорлық таныту керек

2018 жылғы 10 Мамыр
- Павлодар облысы
5296 просмотров

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Екібастұз қаласында І топтағы мүгедек жандар мен қаланың құрметті азаматтары қоқыс жинау қызметіне төлем жасаудан босатылды.

«Екібастұзкоммунсервис» ЖШС директоры Серік Садуақасов бұл жеңілдетілген категорияға 1000 астам адам барын хабарлады. Мұнымен кәсіпкердің қайырымдылық қызметі шектелмейді.

«Осы практиканы Солнечный ауылы бойынша да енгізетін боламыз. 1 наурыздан бастап кәсіпорнымыз осы ауылға қызмет көрсете бастады. Қазіргі таңда біз ауылдағы І топтағы мүгедектердің тізімін сұраттық. Алған соң оларды да қоқыс қызметі үшін төлемдерден босататын боламыз», – деді кәсіпкер.

Басшылығына Серік Садуақасов келмей тұрып, кәсіпорын миллиондаған қарызы бар, тиімсіз өндіріс тізімінде болған. Сауатты жетекшілік ету арқылы кәсіпорын жұмыстарын реттеп, осал компаниялар тізімінен шықты.

 «2016 жылы мен аукцион арқылы «Екібастұзкоммунсервис» ЖШС сатып алдым. Бірініші кезекте назарым қызметкерлердің 40-50 мың теңгены құрайтын жалақысына түсті. Еңбегі дұрыс бағаланбаған жұмысшы қалай қызметін дұрыс атқарады? Тиімсіз шығындарды азайтып, оларды оңтайландырдық. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинаудан басқа тұрғын үйлер ауласын тазалаумен айналысамыз, қосымша табыс табу көздерін іздеп жатырмыз», – деді Серік Садуақасов.

Атқарылған шаралар оң нәтиже бере бастады. 2 жыл ішінде кәсіпорын 4 дана техника алып, жабдықтарды жаңартты. 2016 жылы 126 адамнан тұрған қызметкерлер штаты 180 адамға өсті. Сәйкесінше еңбекақы көлемі де артты. Осы ретте қоқыс жинау қызметі денсаулыққа зиян қызмет түрі екені, жұмыстың ерекшелігі де ескеріліп отыр. Мәселен, бұрын көлік жүргізушілердің еңбекақысы 80 мың теңгеден аспаса, бүгінде 120 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар өндірістік зияндығы үшін төлем, үздік қызметкерлерге сыйақы беру енгізілген. Былтыр кәсіпорын 80 млн теңгені құрайтын салық төлемдерін жасады. Серік Садуақасов сынды кәспкерлер заманмен қатар жүретін бизнесмендер, білікті басшылар, қайырымдылық мәдениетін және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастырушы жандар. Мұндай адамдар туралы Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған.

Серік Садуақасовтың айтуынша, өз қалаң мен ауыл дамуына үлес қосу керек. Осылайша әркім өзінің отансүйгіштігін, патритоттық ынтасын таныта алады. Кәсіпкер жақынына көмектесуді жастайынан біледі. 1994 жылы қаржылық-экономикалық техникумды бітіре салып, ол жеке кәсіпкерлікке бухгалетр болып орналасады.

 «Мен өзімнің алғашқы тәлімгер, жетекшіме ризамын. Оның компаниясында жұмыс істегінімде көп нәрсе үйрендім, біліктілігімді арттырдым. Тәлімгерім үйреткен ең басты нәрсе – адал кәсіпкер болу. Абырой үшін еңбектену қажет», – деді Серік Садуақасов.

2009 жылы кәсіпкер туған Тай ауылында мешіт салған. Мешіт қызметі әлі күнге дейін кәсіпкер қамқорлығында. Серік Садуақасовтың коммуналдық бизнесінен басқа фермерлік шаруашылығы бар. Ол 2015 жылдан бастап 9 мамыр Жеңіс күніне орай туған ауылында тұратын әр Ұлы Отан соғысы ардагеріне арнап 1 бас ірі қара малдан сыйға тартып келген. Шідерті ауылының тұрғыны, соғыс ардагерінің үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жасады. Қазіргі таңда кәсіпорын Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне ерекше дәріптеу дәстүрі бар.

«Бағдарламада айтылған қайырымдылық мәдениетін қалыптастыруды толықтай қолдаймын. Осылайша біз бірлігі жарасқан мықты Ұлт боламыз. Сонымен қатар коммуналдық қызмет атқаратын кәсіпкерлерді тура осылай жасауға шақырамын. Өйткені І топтағы мүгедектер өздеріне қамқорлық істей алмайды. Мемлекеттен бөлек бизнес те мұнай жандарға қамқорлық таныту керек деп санаймын», – деді «Екібастұзкоммунсервис» ЖШС директоры.

 

 


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер