«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Отбасылық бизнес өндірісі ұлғайды

2017 жылғы 10 Сәуір
- Павлодар облысы
5797 просмотров

Палата көмегімен ауыл кәсіпкері «Сарыарқа» өңірлік бағдарламасы аясында бизнесін ұлғайтты

  «Армансыз адам қанатсыз құспен тең», – дейді Тереңкөл ауылының тұрғыны Ғалия Молдагелдинова. «Мақсатқа жету жолында түрлі кедергілер мен қиындықтар болады, тіпті қолыңыздан ештеңе келмесе де артқа шегінбеңіз. Оның үстіне кәсіп ашуда нақты қолдауды Кәсіпкерлер палатасы таарапынан алуға болады», – деп атап өтті іскер әйел.

 Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Қашыр аудандық филиалының қолдауымен Молдагелдиновтар отбасы «Сарыарқа» өңірлік бағдарламасы аясында қаржыландыруға қол жеткізген. Берілген қаржыға кәсіпкерлер отбасы өндірісті үлкейтіп, наубайхананың құрал-жабдықтарын жаңартты. Наубайхана цехында жартылай дайын өнімдер мен нан-тоқаш өнімдері жасалады.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Қашыр аудандық филиалының директоры Мұсағит Омаровтың айтуынша, бизнес-идеясын жүзеге асыруда іскер әйел бірқатар қиындыққа тап болған. Оларды өткеру үшін Палата көмекке келіп,  жоспар нәтижелі басталды.

  «Біз витриналы тоңазытқыштар, үстелдер, орындықтарды және тоңазытқы  автокөлік сатып алдық. Осы көлік арқылы аудан ғана емес, облыс бойынша тапсырысты орындап, тұтынушыларға сапалы әрі балғын өнімді жеткізетін боламыз. Заманауи жабдық нан өнімдерін пісіру үдерісін анағұрлым тездетіп әрі сапасын арттырады, өндірістегі шығындар да азайды. Ендігі кезекте өндіріске қажетті гриль,  бауырсақ пісіруге арналған фритюр құралын сатып алмақпыз», – деді Ғалия Молдагелдинова.

Қазіргі таңда отбасылық кәсіпкерлікте жаңа цех салынып жатыр, цех құрылысының жобасы жан-жақты ойластырылған. Цехтың ашылуы өндірісті үлкейтуге, шығарылатын өнімнің түр-түрін шығаруға, жаңа жұмыс орнын ұсынуға кеңінен жол ашпақ. Айта кетелік, қазір цехта 3 нан пісіруші жұмыс істеп, тәтті тағамдар және балкүлшелерді дайындап, тұрғындарды қуантып жүр.  Өндіріс үдерісінде  тұтынушылардың барлық талғам-тілектері ескеріліп келеді.  Мәселен, бәліштерді Ғалия Сләмқызы өзі дайындайды, әрі қайырымдылық шараларға белсенді қатысады. Өндірісте әр мереке кезінде ауыл тұрғындарына арнап тегін тәттілер пісіру сынды жақсы дәстүр қалыптасқан. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер