«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шенеуніктер мал өсірушілерге арналған ақшаны «жасырып қалуда»

2015 жылғы 05 Қараша
- Жетісу облысы
11601 просмотров

Фермерлердің субсидия алуына уәкілетті органдардың бюрократтық қылықтары бөгет жасауда

Бұл туралы Алматы облысы Талғар қаласында өткен «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің көшпелі отырысында айтылды.

Уәкілетті органдарға қаржылай қолдау алу мақсатында жүгінетін кәсіпкерлер көбінесе көптеген төрешілдік кедергілерге, кейде айқын заң бұзушылыққа ұшырасып отырады.

Уәкілетті органдардың субсидия беруден негізсіз бас тартуы немесе кәсіпкерден заңда көзделмеген құжаттарды талап етуі де орын алып тұрады. Алматы облысы аграрлық өнеркәсіп саласында осыған ұқсас бірқатар бұзулар анықталды.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы бөлімінің бастығы Ерлан Датқаев хабарлағандай, ауыл шаруашылығының басым бағыттарын субсидиялау жағынан заңды бұзу негізінен облыстағы Панфилов,Райымбек және Қарасай аудандарында байқалады.

«Мемлекеттік органдар кәсіпкерлер үшін жасанды әкімшілік кедергілер жасайды. Олардың әрекеттері кәсіпкерлікті қолдау жөнінен Мемлекет басшысының саясатына қайшы келеді», - деп мәлімдеді Өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілі.

Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау ережесіне сәйкес, субсидия тауар өндірушілерге асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ өнімділік пен мал шаруашылығы өнімінің сапасын көтеруге төленеді. Селекциялық және асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын тауар өндірушілерді субсидиялау басымдылықта. Кәсіпкерлердің өтінімі алынған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс, ал уәждемелі бас тартылған жағдайда оған екі күн ішінде ақпарат беру керек. Малшыларға іс жүзінде субсидия беруден ғана емес, құжаттарын қабылдаудан да бас тартылады.

«Селекциялық және асыл тұқымдық жұмысты жүргізу» бағыты бойынша субсидия алуға өтінім қабылдаудан бас тарту сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын құқық бұзу болып табылады деп пайымдаймыз», –  деп түйіндеді Ерлан Датқаев. Оның айтуынша, Панфилов ауданы ауыл шаруашылық бөлімі 16 ауылшаруашылық тауар өндірушінің өтінімін қабылдаудан бас тартқан.

Кәсіпкерлер палатасы аталмыш дерек жөнінде Алматы облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментіне жүгінбекші. Сонымен қатар, қазірде облыс прокуратурасы Алматы облысы Ауыл шаруашылық басқармасын тексеріп жатыр. Палата әрбір анықталған заң бұзу жағдайы туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы органға уақытында хабарлап отыратын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер