«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Талпынған жетер мұратқа

2016 жылғы 18 Тамыз
- Жамбыл облысы
12044 просмотров

«Жас кәсіпкерлер-2016» байқауына қатысушылардың бірі табысқа жетудің құпиясымен бөлісті

Таразда  биыл  алғаш рет «Жас кәсіпкер-2016» облыстық байқауы өткізілді. Оған сегіз ауданнан 18 кәсіпкер қатысты, олардың ішінде Қордай ауданының кәсіпкері Дәурен Райымқұлов та болды. Жас кәсіпкер өзінің жүзеге асырған жобасы – балабақшаны көрермен назарына ұсынды, осы үшін қазылар оған екінші орынды берді. «Балбала Қордай» мектепке дейінгі білім беру мекемесінің 27 жасар директоры бізбен де табысқа жету құпиясымен бөлісті.

Қордай ауданын Жамбыл облысындағы бизнес саласы қарқынды түрде дамып келе жатқан бірден-бір аймақ қатарына жатқызуға болады. Алайда, Дәурен Райымқұлов секілді тәуекелге баратын жастар аз.

«Баламды балабақшаға берерде, мен онда орын жетпей жатқанын көрдім. Бəрі сол кезден басталды, – дейді ол. – Балабақшаға беру үшін, баланы алдын ала 2-3 жыл бұрын тіркеу қажет екенін білдік. Себебі, мектепке дейінгі мекемелер саны аз. Сонда менің ойыма өз ауылымда балабақша ашу идеясы келді. Сосын осы бизнес жайлы ақпарат жинай бастадым. Сол кезде өңірлік газеттен білім бөлімі «Балапан» бағдарламасы бойынша байқау жарияланғаны туралы мақаланы көріп қалдым. Одан әрі мен өз қаражатыма және жақындарымның қолдауымен 25 балаға арналған балабақша аштым. Мемлекет ай сайын әр баланы қамтамасыз ету үшін субсидия бөліп отырады».

Алайда, жас  кәсіпкер өз ісін одан әрі дамытуды ойлады. «Бизнесті кеңейту керек. Тәуекелге бел буу – қайырымды іс», – деп ойлаған Дәурен Жамбыл облысы Кəсіпкерлер палатасының Қордай ауданы филиалы Кәсіпкерлерді қолдау орталығына жүгінеді. 

«Дәурен Орталық көмегімен «Бизнес-Кеңесші», «Бизнес-Өсу» курстарында оқып, сертификат алды», – дейді филиал директоры Ержан Әден.

Кейін кәсіпкер «Даму» кәсіпкерлікті даму қоры қызметіне жүгінген. Дәурен семинар-тренингтерге қатысып, өз бизнес-жоспарын құра бастаған. Осылайша, несие алуға қажет құжаттарды жинауды қолға алған.  

«Әрине, бизнес-жоспарым бірден қабылданбады, қателіктерді жөндеп,  қайтарып отырды. Құжаттар дұрыс болмай, бір мекеме есігін күніне бірнеше рет қағуға тура келді. Осындай кезде бәріне қолды бір-ақ сілтеп кеткім де келді. Алайда, өз мақсатыма қалай да жетемін деген ынтам маған күш-жігер сыйлады. Себебі, 75-тен астам бүлдіршін балабақшаға өз кезегін күтпей-ақ орналасып, 25-тей адам жұмыспен қамтылатын еді ғой. Қанша дегенмен, өз мақсатыма жеттім.  «Даму» қоры мен Кəсіпкерлер палатасының аудандық филиалына алғысым шексіз», – дейді жас кәсіпкер.

Нәтижесінде, «Даму» қоры кәсіпкердің өтінішін қабылдап, Дәурен «Қазақстан Халық банкінен» жылына 9% көрсеткішпен 8 млн 160 мың теңге сомасында несие алды.

«Қанша қиындықтар болса да, мен жастарды өз бизнесін ашуға, өсуге шақырамын, осы арқылы өз еліміздің көркейіп, дамуына үлес қосарымыз анық», – дейді Дәурен Райымқұлов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер