«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Он саусағынан өнер тамған

2016 жылғы 11 Шілде
- Павлодар облысы
7959 просмотров

Кәсіпкер Виктория Сұлтанова өз жұмыстарын «Қазақстанның үздік тауары» байқауында «Халық тұтынатын үздік тауар» аталымы бойынша ұсынғанына биыл екінші жыл

Майда моншақтардан жасалған әшекейлер қай уақытта да кез келген киімге әр мен сән береді. Ерекше талғаммен таңдалған түстер үйлесімі әшекейлер мен маталар көркін құлпыртып, көрген адамды таңдай қақтырады.

Павлодарлық кәсіпкер Виктория Сұлтанова бірнеше жыл бойы көптеген көрмелер мен байқауларға қатысып, оған келгендерді өзінің әдемі бұйымдарымен қуантып келеді.

Шебер тоқымашының жауһарлары сылқым арулар арасында танымал. Виктория өз тауарларын ішкі нарықта да, елге келген туристерге де сатады. Оның кей жұмыстары Испаниядағы, Израильдегі, Германиядағы жеке коллекционерлердің қолына өткен.

Ол өз жұмыстарын «Қазақстанның үздік тауары» байқауының «Халық тұтынатын үздік тауар» аталымы бойынша биыл екінші жыл қатарынан ұсынып отыр.

Мұндай атақ өнім сапасы саласында айтарлықтай нәтижелерге ие болғандар үшін мыңнан оза шапқандарға ғана берілетінін айта кету керек.

«Бірінші рет өтінім берген кезде, мен дұрыс дайындалмаған едім. Биыл мен семинарға қатысып, ондағылар маған барлығын жіті түсіндіріп берді, сондықтан биылғы байқауға сақадай саймын. Байқауға қатысу өзіңді көрсетуге, өзгелердің жұмыстарымен танысуға жақсы мүмкіндік береді», – дейді бизнесвумен.   

Ісмер әйелдің айтуынша, Қазақстанда майда моншақпен тоқу қолөнері тек әуесқойлық деңгейде дамыған. Республикада бұл өнер түрі бойынша кәсіби қолөнершілер саны небәрі 10-15 қана.

Айта кетерлік бір жайт, Сұлтанованың байқауға ұсынған бұйымдары тек әдемі ғана емес, сонымен бірге сапалылығымен де ерекшеленеді. Әр бұйымның өзіндік қайталанбас дизайны, бояуы, өрнегі, пішіні мен түсі бар.

Болашақта ісмер әйел Павлодардан мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналарына арнап қолөнерге баулитын орталық ашпақшы.

Бұл орталықтың міндеті – дәл бірлескен оқытуды жолға қою болмақ, себебі мұндай балалардың өздігінен бір нәрсемен айналысуға мүмкіндіктері бола бермейді. Алайда ата-анасы мен туыстары қол ұшын созса, бәрі де мүмкін.

Осы идеяны іске асыру мақсатында ол өңірлік Кәсіпкерлер палатасына барып жүгінген. «Арманымды жүзеге асыру үшін менің білімім жетіспейді. Мен бизнесті жүргізудің қыр-сырын меңгеруге көмектесетін курстардан өткім келеді, - деп жоспарларымен бөлісті қолөнерші. – Ал менің басты мақсатым – ұлыма көмектесу. Өкінішке қарай, ол бала кезінен мүгедек жан, сондықтан, мен, егер осындай диагнозы бар балалардың қолына өнер берсең, онда олар қоғамға кірігеді, оның бір бөлігіне айналады деген шешімге келдім. Мүмкіндігі шектеулі балалар сүйікті ісімен айналыса алады, сонымен бірге бұл өз бетінше табыс табудың мүмкіндігі», - деп ағынан жарылды ол.

Дарынды суретші өз қабілетін үздіксіз жетілдіре отырып, алға жылжып, ойындағы арманын іске асыра алады дегенге сенім де мол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер