«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Райхангүл Сатабаева: Алғашқы Съезд – жаңа мақсаттар

2014 жылғы 23 Маусым
- Павлодар облысы
12009 просмотров

Ағымдағы жылдың маусым айының соңында Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының (ҰКП) алғашқы Съезді өтеді. Онда елдегі кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелері талқыланады. Сондай-ақ, Палата жұмысының нәтижелері сөз болмақ. Атап өтерлігі, аталған ұйымның құрылғанына көп уақыт өте қоймаса да, қазірдің өзінде бірқатар маңызды жетістіктерге қол жеткізді.

Үлкен мүмкіндіктердің бастауы

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Еуразиялық экономикалық одақ құру аясында интеграциялық келісімдерге қатысқаны белгілі. Осылайша, өткен жылдың қараша айынан біздің ұйым ЕЭО құру туралы келісімшарт жобасын жасау жұмыстарына белсенді түрде жұмылдырылды. ҰКП-ның сайтында келісімшарт жобасының қызметтік бөлігінің алты редакциясы орналастырылды. Оларды талқылау барысында қазақстандық кәсіпкерлер ЕЭО-ның құрылуына жоғары қызығушылық білдіріп отырғандықтарын жеткізді. Ол түсінікті де, 170 миллион тұтынушылары бар нарыққа жол ашылады. Бұдан бөлек 200 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі мемлекеттік сатып алулар нарығы сияқты зор мүмкіндіктерге ие болмақ. Бұл осы саладағы қазақстандық нарықтан 26 есе артық. Біздіңше, ЕЭО-ның құрылуымен өзара сауда айналымындағы оң көрсеткіштер тек қана ұлғая түседі. Еуразиялық интеграция әсіресе қайта өңдеу, азық-түлік өндірісі мен автомобиль жасау салаларына үлкен серпін бермек.

Бұл бастаманың табысты болатынын Ресей, Беларуссия елдерімен арадағы интеграциялық қатынастардың бұған дейінгі тәжірибесінен, яғни Кедендік одақ аясындағы оң көрсеткіштерден-ақ байқауға болады. 2009 жылдан бері Қазақстанның Кедендік одақ елдерімен арадағы сауда аяналымы 88,3 пайызға өсті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша әріптес елдер 24 млрд. АҚШ долларына сауда жасасқан. Ерекше атап өтерлігі, еліміздегі экспорт көлемі 62,7%-ға артты. Шетел инвестициясының көлемі уақыт өткен сайын жоғарылап келеді. Кедендік одақ елдерінен республикамызға тартылған жалпы инвестиция көлемі 1,5 млрд. АҚШ доллары көлемінде. Қазақстандағы ірі трансұлттық компаниялар үшін бұл еуразиялық нарыққа шығар жол.

Алғашқы Съезд – жаңа мақсаттар

Қазір жаңа интеграциялық қатынастар, ЕЭО жағдайында бизнестің жаңа даму бағыттарын айқындау маңызды. Бұл ретте, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алғашқы Съезіне үлкен сенім артылып отыр.

Съезд – Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметіне қатысты маңызды стратегиялық шешімдер қабылдайтын жоғарғы басқарушы орган болып табылады. Алдағы маңызды жиынға арқау болатын тақырып – «Инновациялық, тиімділік, бәсекеге қабілеттілік – бизнестің бүгінгі таңдағы даму бағыты». Бұл тақырып Елбасының кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасай отырып шағын және орта бизнесті қарқынды дамыту бағытында қойған тапсырмаларынан шығып отыр. Съездің негізгі мақсаты орта мерзімге Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамытудың біріңғай жүйесін қалыптастыру.

Павлодар облысының атынан жалпы Қазақстанның экономикасына бей-жай қарамайтын белсенді кәсіпкерлер қатысады. Сеъездің нетижесінде интеграция жағдайында Қазақстан бизнесін жаңа белеске көтеретін игі істердің, жаңа бастамалардың куәсі болатынымызға сенімдімін.

Райхангүл САТАБАЕВА,

Павлодар облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры


Еншілес ұйымдар

Серіктестер