«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шымкентте кәсіпорындарға арналған тәлімгерлік бойынша сертификатталған тренер-мультипликатор дайындалды

2025 жылғы 22 Желтоқсан
- Шымкент қаласы
304 просмотров

Шымкент қаласында кәсіпорындардағы тәлімгерлік жүйені дамытуға бағытталған сертификатталған тренер-мультипликатор жұмысын бастайды. Бұл бастама колледждермен дуальды оқыту жүйесі аясында тығыз әріптестік орнатқан кәсіпорындар үшін аса маңызды.

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы адам капиталды дамыту бөлімінің басшысы Жанар Алтаева жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған 10 күндік мамандандырылған курстан өтіп келді. Оқу бағдарламасы «Өндірістегі оқыту тәлімгері» кәсіби стандарты негізінде әзірленіп, дуальды оқытудың нормативтік-құқықтық базасын терең зерделеуге бағытталды. Атап айтқанда, ұлттық біліктілік жүйесі, салалық біліктілік шеңберлері, кәсіби стандарттар, жұмыс берушілердің рөлі, сондай-ақ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттік қолдау тетіктері қарастырылып, қатысушылар 8 модуль бойынша оқудан өтті.

«Дуальды оқытудың нормативтік-құқықтық базасын зерделеу дамыған елдердің көп жылдық тәжірибесіне негізделген Қазақстанда жүйені құру логикасын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Нормативтік-құқықтық актілерді нақты білу өңір кәсіпорындарын дуальды оқытудың тиімділігіне сындарлы түрде сендіруге, сондай-ақ, мемлекет пен ҰКП тарапынан қолдау шараларын түсіндіруге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Жанар Алтаева.

Дәрісті «Атамекен» ҰКП Адами капиталды дамыту департаменті басшысының орынбасары Ляззат Шонаева, сертификатталған бизнес-тренер Людмила Серекбаева өтті. Ал Евразия университеті гуманитарлық колледжінің директоры Алма Даирқызы, психолог-тренер Гүлмайра Мақұлбайқызы сынды тәжірибелі мамандар пайдалы тренингтер өткізіп, оқыту поцесіне ерекше серпін берді.

Оқу барысында теориялық білім нақты практикалық кейстермен толықтырылды. Қатысушыларға SAT-NS холдингінде тиімді жұмыс істеп тұрған тәлімгерлік жүйенің тәжірибесі ұсынылып, ерекше әсір қалдырды. Онда колледждерді, тәлімгерлерді, менеджерлерді және студенттерді жүйелі түрде біріктіретін HR қызметі шешуші рөл атқарады. Дәл осы тәсіл кәсіпорынның нақты қажеттіліктеріне кадрлар дайындауға мүмкіндік береді.

10 күндік оқыту-семинары барысында мультипликаторларға кәсіпорындардағы тәлімгерлермен дуальды оқытуды жүзеге асыруға қажет практикалық тапсырмаларды дұрыс ұйымдастыру бойынша нақты бағыт-бағдар берілді.

Айта кетейік, 2026 жылы Шымкент қаласында дуальды оқыту жүйесімен жұмыс істейтін кәсіпорындар үшін шамамен 100 тәлімгерді оқыту жоспарлануда. Оқу 2026 жылдың көктемінде басталады. Қатысуға өтінімдер 8-707-522-0020 телефоны арқылы қабылданады.

Алынған білім мен жаттықтырушы-мультипликатор мәртебесі өңірде тәлімгерлікті дамыту бойынша жүйелі жұмыс құруға, кадрлар даярлау сапасын арттыруға және Шымкент қаласының экономикалық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174