«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Удмуртияның бизнес-миссия делегациясы Қарағандыда өнеркәсіптік әлеуетін таныстырды

2025 жылғы 03 Желтоқсан
- Қарағанды облысы
124 просмотров

Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасында жаңа өнеркәсіптік жобаларға жол ашуы мүмкін кездесу өтті. Удмурт Республикасының делегациясы өңірдің экспорттық әлеуетін таныстырып, өндірістерді локализациялау, технологиялар және бірлескен индустриялық бастамаларды талқылады. Тараптар бірден қазақстандық компаниялармен тікелей келіссөздерге көшті.

Кездесуді ашқан өңірлік Кәсіпкерлер палатасының басшысы Ернар Күлпейісов өңіраралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

«Бизнес үшін нарықтарды кеңейту, жаңа серіктестер табу өте маңызды. Қарағанды облысы технологиялық және өнеркәсіптік ынтымақтастыққа мүдделі», — деді Ернар Даулұлы.

СЭЗ «Сарыарқа» басқарушы компаниясының өкілі Жания Ахметова аумақта өндіріс орналастырудың мүмкіндіктерін таныстырды.

«Инвестор үшін біз кедергісіз өндіріс ашуға жағдай жасаймыз. 220 МВт-қа дейінгі электр қуаты, теміржол және автожол инфрақұрылымы, су және инженерлік желілер дайын. Компаниялар үшін салық жеңілдіктері мен шетелдік жұмыс күшін тартудың жеңілдетілген тәртібі қолданылады. Бүгінде аумақта ірі жобалар іске асырылып жатыр, сондай-ақ жаңа өндірістер үшін бос учаскелер бар», — деді Жания Азаматовна.

Удмуртия Даму корпорациясының Экспортты қолдау орталығы басшысының орынбасары Александра Борисова удмурт кәсіпорындарының Қазақстанға деген жоғары қызығушылығын атап өтті.

«Удмурт компаниялары үшін Қазақстан — жай ғана көршілес ел емес, стратегиялық бағыт. Машина жасау өнімдеріне, технологияларға, агроөнеркәсіптік тауарларға және қызметтерге жоғары сұраныс бар. Удмуртия бүгінгі таңда 55 елге экспорт жасайды, ал Қазақстан біздің негізгі серіктестердің бірі. Біздің мақсатымыз — бір реттік жеткізілім емес, орнықты кооперация құру: өндірісті локализациялау, бірлескен жобалар және тәжірибе алмасу. Осы миссияның қорытындысы көптеген компаниялар үшін нақты өсім нүктелерін ашады деп сенемін», — деді Александра Борисова.

Карағандылық бизнес өкілдері удмурт өндірушілерімен кооперация шарттары — компоненттерді жеткізу, сервистік орталықтарды ашу, бірлескен өнім шығару мүмкіндіктері жөнінде сұрақтар қойды.

Кәсіпкерлер өңірдегі дайын инфрақұрылым мен өнеркәсіптік базаның жаңа жобаларды іске қосуға нақты мүмкіндік беретінін атап өтті.

Пленарлық бөлімнен кейін Удмуртия мен Қазақстан кәсіпорындары арасында B2B-келіссөздер өтіп, тараптар ықтимал жобаларды, экспорттық мүмкіндіктерді және локализация нұсқаларын талқылады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174