«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Үкімет өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жаңа Арнаулы салық режиміне арналған қызмет түрлерінің тізімін бекітті

2025 жылғы 26 Қараша
36 просмотров

Қазақстан Республикасының Үкіметі осы жылдың 21 қарашасындағы Қаулысымен 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жаңа Арнаулы салық режимін (АСР) қолдануға рұқсат етілетін 40 қызмет түрінің тізімін бекітті.

Бұл шешім – азаматтардың экономикалық белсенділігін ынталандыруға, салықтық есептілікті жеңілдетуге және өзін-өзі жұмыспен қамту секторындағы кірістерді заңдастыруға бағытталған ауқымды реформаның бір бөлігі.

Жаңа АСР жеке кәсіпкер (ЖК) мәртебесі жоқ және жалдамалы қызметкері жоқ азаматтардың заңды түрде жұмыс істеуіне барынша қарапайым әрі қолжетімді тетік ретінде әзірленген.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР-дің негізгі артықшылықтары мен ерекшеліктері:

• ЖК ретінде тіркелудің қажеті жоқ;

• Айына 300 АЕК-ке дейінгі шекті табыс;

• Әлеуметтік төлемдерді ғана қамтитын бірыңғай 4% мөлшерлеме;

• Платформа/қосымша арқылы жұмыс істеу талабы жоқ;

• Жалдамалы қызметкерлерді алуға тыйым салынады;

• Жұмыс істеу тетігі таңдалады: аккредиттелген интернет-платформа арқылы немесе Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінің мобильді қосымшасы арқылы.

Әлеуметтік төлемдерді 4%-дық бірыңғай мөлшерлемеге енгізу өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға әлеуметтік қамсыздандырылуға, зейнетақы жинақтарына және медициналық сақтандыруға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осы арқылы олар бұған дейін негізінен ресми түрде жұмыс істейтін азаматтарға ғана қолжетімді болған әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз етіледі.

Бизнесті қолдау: шығындарды шегерімге жатқызу

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен жұмыс істейтін компаниялар үшін маңызды ынталандыру тетіктерінің бірі – салықтық шегерімдер. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтармен жасалған мәмілелер бойынша шығындарды корпоративтік табыс салығы (КТС) немесе жеке табыс салығы (ЖТС) бойынша салық салынатын табысты есептеу кезінде шегерімге жатқызуға болады.

Бұл қадам нарықтың ашықтығына ықпал ете отырып, бизнесті өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қызметін заңды түрде тартуға ынталандыра түседі.

Бекітілген тізім өзіндік жұмыспен қамту саласында ең көп таралған 40 қызмет түрін қамтиды.

Рұқсат етілген қызметтің негізгі санаттары:

 • Тұрмыстық және жөндеу қызметтері: компьютерлерді, тұрмыстық техниканы, киім-кешекті, аяқ киімді, жиһазды, зергерлік бұйымдарды жөндеу, сондай-ақ сылақ, сырлау, ағаш ұсталығы және басқа да шеберлік жұмыстары.

 • Шығармашылық және зияткерлік қызметтер: көркем және әдеби шығармашылық, фотосурет, ауызша және жазбаша аударма, сондай-ақ спорт, демалыс және мәдениет саласындағы білім беру.

• Жалға беру және көлік қызметтері: такси қызметі, тұрғын үйді жалға беру (субаренда), жеке қолданыстағы заттарды жалға беру.

 • Интернет-платформалар арқылы көрсетілетін қызметтер: тек интернет-платформалар арқылы көрсетілетін қосымшаі коммерциялық қызметтер.

Жаңа режим бекітілген тізімге кірмейтін қызмет түрлерімен айналысатын азаматтарға қолданылмайды.

Жаңа АСР-ді енгізу – экономиканың едәуір бөлігін көлеңкеден шығаруда, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды толыққанды әлеуметтік қорғауда және оларды ресми еңбек нарығына интеграциялауда маңызды қадам. Бұл жеңілдету әкімшілік жүктемені азайтып қана қоймай, заңды экономикалық статистиканың қалыптасуына да ықпал етеді.

Жаңа АСР – шағын бизнес пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қолдауға бағытталған революциялық қадам. Бұл тек төмен мөлшерлеме ғана емес, барынша оңайлатылған тетік те болып есептеледі. Адам өз табысынан 4% мөлшерінде төлемді ыңғайлы қосымша арқылы төлеп, өзінде зейнетақы аударымдары мен медициналық қызметке қолжетімділік бар екеніне сенімді бола алады. Бұл – мемлекет үшін де, өзін-өзі жұмыспен қамтыған әрбір азамат үшін де өзара тиімді шешім.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174