«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Өндірістік аймақтағы №17 мекемеде бизнеске арналған өнімдер мен мүмкіндіктер таныстырылды

2025 жылғы 18 Қараша
- Шығыс Қазақстан облысы
269 просмотров

ҚР ІІМ ҚАЖК «№17 мекемесі» әкімшілігі өнеркәсіп аймағында өз қызметін орналастырған кәсіпкерлер, сондай-ақ бизнес ашуға ниетті тұлғалар ұсынған өнімдердің көрмесін ұйымдастырды.

Іс-шараға ШҚО кәсіпкерлер палатасының, ШҚО прокуратурасының өкілдері, мекеме қызметкерлері және бизнес өкілдері қатысты.

Қонақтарға мекемеде өндірілетін кең ассортименттегі өнімдер ұсынылды: темірбетон бұйымдары, металл конструкциялар, пластик терезелер мен есіктер, ағаш өнімдері, нан-тоқаш өнімдері, сондай-ақ халық тұтынатын тауарлар мен көркем шеберханалардың бұйымдары.

Көрме түзеу мекемесі базасында нарықта сұранысқа ие толыққанды өндірістік тізбектерді құруға болатынын айқын көрсетеді. Кәсіпкерлер үшін бұл – дайын өндірістік алаңдарға қол жеткізу, өнім ассортиментін кеңейту және өзара тиімді ынтымақтастық орнату мүмкіндігі.

Қатысушыларға қолжетімді өндірістік қуаттар, орналастыру шарттары және ұзақ мерзімді әріптестік мүмкіндіктері туралы да ақпарат берілді.

ШҚО бойынша ҚАЖД «№17 мекемесінің» мәліметінше, бүгінде өнеркәсіп аймағында түрлі бағытта жұмыс істейтін 9 кәсіпорын (4 ЖК, 4 ЖШС, 1 ШҚ) қызмет етеді – құрылыс материалдарын шығарудан бастап, ағаш өңдеу, автокөлік қызметі және халық тұтынатын тауарлар өндірісіне дейін.

№17 мекеме бастығы, әділет майоры Канат Тулаковтың айтуынша, бизнес пен қылмыстық-атқару жүйесі арасындағы өзара іс-қимылды дамыту өңірдің экономикалық әлеуетінің өсуіне ғана емес, сондай-ақ сотталғандардың еңбекпен қамтылуы мен кәсіби даярлығына ықпал етеді. Бұл олардың кейінгі әлеуметтік бейімделуінде маңызды рөл атқарады.

Өндірістік учаскенің жалпы аумағы шамамен 25 мың шаршы метрді құрайды, оның ішінде 5 мың шаршы метрден астамы – бос үй-жайлар.

Кез келген өндіріс түрін орналастыруға жарамды барлық ғимараттар инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етілген.

Мекеме әкімшілігі сотталғандар арасынан жұмысшыларды іріктеуді, күндізгі және түнгі ауысымдарды ұйымдастыруды, сондай-ақ мереке және демалыс күндері жұмыс жүргізуді қамтамасыз етеді. Бұл кәсіпкерлерге өндірістік процесті үздіксіз жолға қоюға мүмкіндік береді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174