«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ШҚО-да стабфонд көкөністерін сату маусымы басталды, бірақ аула дүкендерімен келісім әлі жоқ

2025 жылғы 07 Қараша
- Шығыс Қазақстан облысы
155 просмотров

Стабилизациялық қордың көкөністерін сату маусымы басталғанымен, «үй маңындағы дүкендердің» бағдарламаға қатысу мәселесі әлі шешімін таппай отыр. Кәсіпкерлер сауда үстемесі мен өнім жеткізуге қатысты уәкілетті органдармен әлі ортақ келісімге келе алмай келеді.

Бизнес өкілдері меморандумның орнына заңды күші бар толыққанды келісімшарт жасасу қажеттігін айтуда. Бұл мәселе ШҚО Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Сауданы дамыту кеңесінің отырысында тағы көтерілді.

Шағын азық-түлік дүкендерінің иелері көптеген шалғай елді мекендердің стабфондтың сауда нүктелерімен қамтылмай отырғанын жеткізді. Мысалы, Ушанов кентінің тұрғындары стабфонд көкөністерінің жергілікті дүкендерде сатылуын сұрауда.

Кәсіпкерлердің айтуынша, олар тұтынушыға қызмет көрсету үшін тауар түрлерін толық ұсынуға тырысады, тіпті белгіленген төмен сауда үстемесі салдарынан кейде көкөністерді өздеріне тиімсіз бағамен сатуға мәжбүр.

Еске салсақ, маусым айында дүкен иелері бұл мәселені алдын ала көтеріп, маусымға дайындалу қажеттігін айтқан болатын. Сол кезде бизнес стабфонд өнімдеріне сауда үстемесін 2%-дан 15%-ға дейін арттыруды — әлеуметтік маңызы бар тауарларға рұқсат етілген деңгейге дейін жеткізуді ұсынған еді.

«Бізді комиссия құрамына қосамыз деп уәде берілді, бірақ мәселе әлі жылжыған жоқ, ал халық шағымдана бастады», - деді ШҚО Сауда кәсіпорындары қауымдастығының төрағасы Владимир Бердник.

«Ертіс» ӘКК өкілдері көкөністердің бағасы статистикалық деректер негізінде қалыптасқан орташа құннан есептелетінін және нарық бағасынан 10% төмен болуы керек екенін түсіндірді. Сондай-ақ компания сауда орындарының санын арттыру жоспары бар екенін мәлімдеді.

Алайда шағын бизнес өкілдерінің пікірінше, ең тиімді шешім - жаңа нүктелер ашудан гөрі дәл қазір бар дүкендермен, әсіресе шағынаудандардағы сауда орындарымен әріптестік орнату.

«Жаңа нүктелер ашуға қаражат жұмсаудың қажеті не? Шалғайдағы шағын дүкендермен жұмыс істесе жеткілікті. Біз көкөністі бәрібір көтерме базардан аламыз, ал халық оны базар бағасымен сатып алуға мәжбүр. Бағдарламаның мақсаты - бағаны тұрақтандыру, сондықтан біз ынтымақтастыққа дайынбыз. Мұнда біз үшін пайда жоқ, тек халықты қолжетімді өніммен қамтамасыз еткіміз келеді. Бірақ 2% сауда үстемесімен жұмыс істеу мүмкін емес: тек эквайрингтің өзі 2,5%, басқа шығындарды айтпағанда. Стабфонд өнімдеріне үстемені әлеуметтік маңызы бар тауарлардағыдай 15% деңгейінде қарастыруды сұраймыз», - дейді кәсіпкерлер.

Отырыстың қорытындысы бойынша бизнес ұсыныстарын бір жүйеге келтіріп, стабфонд өнімдеріне сауда үстемесін қайта қарау үшін комиссияға жолдау туралы шешім қабылданды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174