«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Астанада заманауи студенттік үйге арналған инвестициялық жоба жүзеге асырылды

2025 жылғы 07 Қараша
- Астана қаласы
302 просмотров

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының өкілдері елордада іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар аясында «GA Partners» ЖШС бастамасымен салынған жаңа студенттік үймен танысты.

Жаңа оқу жылының басында пайдалануға берілген жатақхана 354 студентке арналған. Ғимарат бес қабаттан және жертөледен тұрады, онда 118 бөлме орналасқан, әр бөлме үш адамға есептелген. Барлық бөлмелер заманауи жиһазбен және жеке санитарлық тораптармен жабдықталған, бұл студенттердің жайлы өмір сүруіне мүмкіндік береді.

Әр қабатта студенттердің өздігінен ас дайындауы үшін қажетті жабдықтармен қамтылған екі ас үй бар. Сонымен қатар, жатақханада оқу бөлмесі, коворкинг аймағы және медициналық кабинет қарастырылған. Жоба жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етумен қатар, олардың білім алуына және жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген: ғимаратта бейнебақылау жүйесі, дабыл түймесі және өрт қауіпсіздігіне арналған құрал-жабдықтар орнатылған.

Сапар барысында Кәсіпкерлер палатасының өкілдері жобаның жүзеге асырылу барысымен және студенттердің тұрмыс жағдайымен танысты. Осындай жобалар елордадағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, жастардың жайлы өмір сүру және оқу жағдайларын жақсартуға, сондай-ақ мемлекет пен бизнестің әлеуметтік бағыттағы өзара тиімді әріптестігін нығайтуға ықпал етеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174