«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

TikTok әсері: Платформаның Қазақстандағы шағын және орта бизнеске ықпалы жөніндегі алғашқы зерттеу

2025 жылғы 30 Қазан
565 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен бейне контент саласындағы жетекші TikTok платформасы еліміздегі шағын және орта бизнестің дамуына платформаның ықпалын талдауға арналған алғашқы зерттеу нәтижелерін ұсынды. Зерттеуге сәйкес, TikTok платформасын апта сайын пайдаланатын әрбір алтыншы кәсіпкер кірісінің жартысынан астамы осы платформадағы белсенділігінің арқасында қалыптасатынын айтқан. Ал, TikTok-ты одан да белсендірек пайдалану платформа көмегімен қомақты табыс табатын компаниялар санын екі есе арттыруға мүмкіндік бере алады.

Бүгінде TikTok әлем бойынша миллиардтан аса адамды біріктіріп, тауарлар мен қызметтерді ілгерілету үшін кең мүмкіндіктер ұсынуда. Қарапайым пайдаланушылармен қатар, ірі брендтерден бастап жеке кәсіпкерлерге дейінгі бизнес өкілдері платформадағы креативті контентті белсенді түрде жасап отыр. TikTok Қазақстандағы кәсіпкерлік бастамаларды жүйелі түрде дамытып, компанияларды белсенді қолдап келеді.

2021 жылы Қазақстанда түрлі ауқымды бизнеске арналған шешімдерді ұсынатын TikTok for Business платформасы іске қосылды.

2022 жылы Astana Hub технопаркімен бірлесе отырып, TikTok Startup Academy бағдарламасы басталды. 2025 жылға дейін бұл бағдарлама өз шешімдері мен өнімдерін, қызметтерін платформаның көмегімен ілгерілетуді үйренген үш стартап легін шығарды.

2024 жылы «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе отырып, платформа #ҚазақстандаЖасалған байқауын өткізді. Оған әлеуметтік сектордағы 800-ден астам компания қатысты.

«Бүгінде цифрландыру абстрактілі ұғым болудан қалды, ол мемлекеттің экономикалық саясатының бір бөлігіне айналды. Бизнес алдында мүлде жаңа белестерді ашатын бастамалар Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапты. TikTok – жүйелі жұмыс пен мемлекет қолдауы болған жағдайда жаһандық платформаның жергілікті экономикалық өсімнің құралы бола алатынының айқын мысалы», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов.

Бүгінде компания Қазақстанда алғаш рет жүргізілген зерттеу нәтижелерін ұсынып отыр. Оның аясында TikTok платформасының ел экономикасына, соның ішінде шағын және орта бизнестің дамуына тигізетін әсері талданды. Зерттеуді TikTok және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен тәуелсіз сарапшылар тобы жүргізді. Оның нәтижелері бойынша TikTok Қазақстандағы микро, шағын және орта бизнес үшін нақты әрі елеулі экономикалық құндылықты қалыптастырып отыр.

Тәжірибелі компаниялар TikTok платформасын жиі пайдаланады

Зерттеу аясында еліміздің 20 өңірінен 308 кәсіпкерге сауалнама жүргізілді. Оның нәтижесіне сәйкес, нарықта он жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан компаниялар платформаны белсендірек қолданады – олардың 52%-дан астамы өз өнімдері мен қызметтерін ілгерілету, сондай-ақ аудиториясын кеңейту мақсатында TikTok-ты кем дегенде аптасына бір рет пайдаланады.

Белсенділік деңгейі бойынша екінші орында нарықта 5 жылдан 10 жылға дейін жұмыс істеп келе жатқан компаниялар тобы тұр: олардың 47%-ы контентті аптасына бір рет немесе одан да жиі жариялап отырады. Бұл тек цифрлық дәуірде жұмыс істеп бастаған кәсіпкерлер ғана TikTok-та табысқа жете алады деген пікірді жоққа шығарады.

TikTok-тағы ең табысты индустриялар

Зерттеу түрлі саладағы компаниялар үшін платформа әмбебап құралға айналғанын көрсетті.

  • Астанада денсаулық сақтау, сұлулық және спорт қызметтері саласы көш бастап тұр – TikTok қолданатын әрбір төртінші компания (25%) дәл осы секторда жұмыс істейді.
  • Алматыда жеке қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндердің үлесі одан да жоғары: сауалнамаға қатысқандардың 32%-ы денсаулық, сұлулық және спорт индустриясына тиесілі. Одан кейінгі орында мәдениет, ойын-сауық және туризм саласының өкілдері (26%) тұр.
  • Шымкентте негізгі белсенділік сауда саласында шоғырланған: сауалнамаға қатысқан компаниялардың 52%-ы азық-түлікке жатпайтын тауарлардың өндірісімен және сатумен айналысады.

TikTok платформасын пайдаланудан анағұрлым көбірек коммерциялық нәтиже көріп отырған компаниялар креативті және қызмет көрсетуге бағытталған салаларда жұмыс істейтін болып шықты. Оларға қонақүй және курорт бизнесі, ойын-сауық индустриясы, сондай-ақ сұлулық пен денсаулық саласындағы қызметтер жатады. Бұл TikTok форматының визуалды мазмұнға бай және пайдаланушы тәжірибесіне бағытталған салаларда ерекше тиімді жұмыс істейтінін көрсетеді.

Бизнес платформаны қандай мақсаттарда пайдаланады

Зерттеу деректері бойынша, TikTok бизнес үшін бұрыннан бар клиенттермен де және әлеуетті серіктестермен де өзара байланыс орнатудың маңызды құралына айналған. Респонденттердің 81%-ы платформаның жаңа клиенттер тартуға оң әсерін атап өтсе, 79%-ы бар клиенттерді сақтауға көмектесетінін көрсеткен. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің 71%-ы TikTok олардың бизнесін бәсекелестерінен ерекшелендіруге мүмкіндік береді деп санайды.

TikTok қолдану тұрақтылығының табысқа әсері

Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, бизнестің TikTok-тағы тұрақты белсенділігі елеулі экономикалық нәтижелерге әкеледі:

  • TikTok платформасын апта сайын пайдаланатын МШОБ субъектілерінің 12%-ы өздерінің жалпы табысының 50%-дан астамы тікелей осы платформадағы белсенділіктің арқасында қалыптасатынын атап өткен.
  • Жалпы алғанда, платформаны апта сайын пайдаланатын компаниялардың 63,2%-ы өздерінің жылдық айналымының кем дегенде 5%-ы платформамен тікелей байланысты екенін көрсеткен.

TikTok-қа инвестициялаудың табысты арттыру әлеуеті

Зерттеу мәліметтері бойынша, респонденттердің 78,6%-ы платформамен тұрақты жұмыс істегенімен, олардың 16,9%-ы ғана жарнамалық қызметтерді сатып алады және 10,4%-ы инфлюенсерлермен серіктестік орнатады. Қолданушылардың ерікті қызығушылығы мен ақылы форматтар арасындағы бұл айырмашылық TikTok-тағы өсімінің әлеуеті жоғары екендігін айқын көрсетеді.

«Қазақстан креативті экономиканың нақты өсімнің қозғаушы күшіне айнала алатынының жарқын үлгісін көрсетіп отыр. Мұнда кәсіпкерлер эксперименттен қорықпайды және TikTok-та идеялардың жедел түрде бизнеске айналатын кеңістігін тапқан. Біз визуалды контенттің, шынайы оқиғалар мен аудитория сенімінің сатылым мен адалдыққа айналып жатқанын көріп отырмыз. Дәл осы қасиеттер TikTok-ты бизнес үшін таптырмас құрал етеді», — деді TikTok компаниясының Ресей, Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Моңғолия елдері бойынша мемлекеттік органдар және корпоративтік мәселелер жөніндегі директоры Сергей Соколов.

«Біздің шағын және орта бизнес — бұл 4,5 миллионға жуық қазақстандыққа жұмыс орнын ұсынып, елдің ЖІӨ-нің шамамен 40%-ын қамтамасыз етіп отырған адамдар. Олардың табысы — бүкіл экономиканың болашағы. Сол себепті цифрлық құралдардың олар үшін нақты қолдау көзіне айналып жатқаны өте маңызды. Біз цифрлық платформаларды тек жас стартаптар үшін деп ойлауға үйреніп қалғанбыз. Алайда сауалнама нәтижесі, керісінше, цифрландыру бәріне бірдей ашық екенін көрсетті», — деп атап өтті «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының Төрағасы төрағасы Райымбек Баталов.

TikTok-тағы қазақстандық кәсіпорындардың табыс көлемі

Ел экономикасына платформаның ықпалын бағалау мақсатында зерттеу аясында үш сценарий қарастырылды: TikTok-ты кәсіпкерлердің 10%-ы белсенді пайдаланған жағдай, олардың үлесі 15%-ға жеткен жағдай және 20%-ға дейін артқан кездегі сценарий.

  • Сауалнама аясында МШОБ субъектілерінің шамамен 40%-ы платформаны тұрақты түрде қолданатынын атап өтті. Дегенмен, басқа елдерде, оның ішінде Ұлыбритания мен Австралияда жүргізілген ұқсас зерттеулер нәтижелеріне сүйене отырып, консервативті сценарий ретінде 10% деңгейі таңдалды. Осы сценарийге сәйкес, 2024 жылы Қазақстандағы МШОБ өкілдері TikTok арқылы талдауға енгізілген жеті секторда шамамен 219 миллиард теңге табыс тапқан.
  • Базалық сценарийге сәйкес (платформаны 15% кәсіпкерлер пайдаланады), TikTok-пен тікелей байланысты табыс көлемі 329 млрд теңге деп бағаланды.
  • Оптимистік сценарийде бұл көрсеткіш екі есе артып, 438 миллиард теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш елдің бүкіл креативті экономикасының жарты жылдық жалпы қосылған құнымен тең болып, TikTok платформасын Қазақстандағы экономикалық өсім мен кәсіпкерліктің тұрақты дамуының маңызды факторы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Есептеулер көрсеткендей, егер МШОБ субъектілерінің кем дегенде 20%-ы TikTok-ты белсенді түрде қолданатын болса, алдағы 2–3 жылда платформа арқылы табысының елеулі бөлігін алатын компаниялар саны қарастырылған жеті сектор бойынша 8 мыңнан 16 мыңға дейін, яғни екі есе артуы мүмкін.

TikTok-тың Қазақстанның ЖІӨ-сіне қосқан үлесі

Бизнестің TikTok пен оның жарнамалық құралдарын жиі пайдалануы экономикалық қосылған құнның өсуіне ықпал етеді. Зерттеуге сәйкес, TikTok-тың Қазақстанның ЖІӨ-дегі үлесі консервативті сценарий бойынша, тек МШОБ табыстары мен платформаның ең жоғары коммерциялық өзектілікке ие жеті секторы негізінде есептелген жағдайда, 0,16–0,32%-ды құрайды. Бұл бағалауға жұмыспен қамту немесе үй шаруашылықтарының тұтынуы сияқты ілеспе әсерлер енгізілмеген.

Жеткізу тізбегіндегі қосымша сатып алу белсенділігін ескере отырып, TikTok жарнамасын пайдалану кезінде платформаның жиынтық экономикалық әсері келесідей бағаланады: консервативті сценарийде (МШОБ 10% қамту) — 759 млрд теңге (ЖІӨ-нің 0,57%-ы); жеделдетілген сценарийде (20%) — 1 трлн 517,9 млрд теңге (ЖІӨ-нің 1,13%-ы).

«Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, TikTok – бұл тек шығармашылыққа арналған платформа ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы мыңдаған шағын және орта бизнес өкілдері үшін нақты табыс көзі. TikTok-тың жарнамалық құралдарын белсендірек пайдалану алдағы уақытта МШОБ табысының айтарлықтай өсуіне ықпал ете алады. Кәсіпорындардың экономикалық әлеуетін тиімді іске асыру бизнес-қауымдастықтың, цифрлық платформалардың, салалық бірлестіктер мен мемлекеттік институттардың үйлестірілген іс-қимылы арқылы мүмкін болады. Өз кезегінде компания Қазақстандағы жергілікті бизнесті белсенді түрде қолдап, оның әрі қарай дамуына үлес қоса бермек», — деп атап өтті TikTok компаниясының Ресей, Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Моңғолия бойынша мемлекеттік органдармен және корпоративтік байланыс мәселелері жөніндегі директоры Сергей Соколов.

«Әлемдік көшбасшылардың тәжірибесі көрсеткендей, TikTok бүгінде толыққанды коммерциялық экожүйелерді сәтті түрде қалыптастырып келеді. Қазақстан бұл үдерістен шет қалмауға тиіс — біз үшін осындай тәжірибелерді батыл түрде қабылдап, отандық нарыққа бейімделген электронды сауда модельдерін дамыту маңызды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл зерттеуді жаңа цифрлық экономиканы терең түсінуге бағытталған маңызды қадам ретінде қарастырады. Оның нәтижелері бизнеске өсуге, ал азаматтарға – болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік беретін шешімдер қабылдауға негіз боларына сенеміз», – деп қорытындылады «Атамекен» ҰКП Төралқасының Төрағасы Райымбек Баталов.

Аталмыш зерттеу TikTok платформасы елдің экономикалық инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналғанын көрсетті. Ал, алынған деректер кәсіпкерлерге арналған жаңа ұсынымдар, қолдау бағдарламалары мен талдамалық құралдарды әзірлеудің негізі бола алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174