«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Әлеуметтік кәсіпкерлік - жай ғана бизнес емес: ШҚО жаңа қолдау жүйесін қалыптастырып келеді

2025 жылғы 21 Қазан
- Шығыс Қазақстан облысы
329 просмотров

Іс-шараға әлеуметтік кәсіпкерлер, мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар қауымдастығы, сондай-ақ Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерліктің қалыптасуында маңызды рөл атқарған тұлғалар қатысты.

Қазақстандағы алғашқы әлеуметтік кәсіпкерлердің бірі, «Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы» Заңның әзірлеушісі Эмин Аскеров атап өткендей, бүгінде бұл сала елдің экономикасы мен әлеуметтік саясатының маңызды құрамдас бөлігіне айналып келеді.

«Әлеуметтік кәсіпкерлер бұған дейін тек мемлекеттің міндеті деп саналатын мәселелерді шешіп отыр. Олар жұмыс орындарын ашып, халықтың осал топтарына көмек көрсетеді және мұны гранттар емес, тұрақты бизнес-модельдер негізінде жүзеге асырады», — деді Эмин Аскеров.

Оның айтуынша, сектордың одан әрі дамуы мемлекет тарапынан жүйелі жағдай жасалуына — преференциялар, сатып алуларға қолжетімділік және өңірлік деңгейдегі тұрақты қолдауға — тікелей байланысты.

Талқылауға сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері Динара Наумова қатысты. Ол инклюзия мен әлеуметтік интеграция мәселелерін белсенді түрде көтеріп жүрген тұлға.

«Біз нүктелік шешімдерден арылып, әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай, түсінікті және ашық тетігін қалыптастыруымыз керек. Бұл - барлық өңірлерде тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің маңызды шарты», - деп атап өтті депутат.

Динара Наумованың пікірінше, мемлекет, бизнес және азаматтық қоғамның күш біріктіруі әлеуметтік кәсіпкерлікті тұрақты әрі экономикалық тұрғыдан маңызды секторға айналдыруға мүмкіндік береді.

«NIET WOMAN» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алтынай Төлеухан Шығыс Қазақстандағы әлеуметтік бизнестің даму ерекшеліктері мен адамдардың өмірін өзгертіп жатқан нақты жобалар туралы айтты.

Әлеуметтік кәсіпкерлердің бастамасымен өңірде бірегей нысандар құрылды: еліміздегі алғашқы аутизмі бар балаларға арналған «Ғажайып ел» мектеп-балабақшасы, ДЦП бар балаларға арналған «Демеу» оңалту және түзету орталығы, сондай-ақ психикалық бұзылыстары бар балаларға арналған «Blue Fox» абилитациялық орталығы.

Бұл ұйымдар инклюзивті қызметтер көрсетумен қатар, әйелдерге, мүгедектігі бар адамдарға және балалар үйі түлектеріне жұмыс орындарын ұсынады.

Дегенмен, Алтынай Төлеухан атап өткендей, заңда көзделген тоғыз жеңілдіктің ішінде өңірде тек екеуі ғана нақты жұмыс істеп тұр.

«Шығыс Қазақстанда әлеуметтік бизнесті қолдау шараларын кеңейтуге барлық құқықтық мүмкіндік бар. Ең бастысы - жергілікті билік ұлттық заңнаманың әлеуетін толық пайдалана білуі тиіс. Мәселен, Өскемен қаласының әкімдігі «Демеу» орталығына ғимарат бөліп, балалар саны мен көрсетілетін қызмет түрлерін арттыруға жағдай жасады», - деді Алтынай Төлеухан.

Сонымен қатар, әлеуметтік кәсіпкерлер жеңілдетілген жалға алу, өңірлер бойынша жалдау мөлшерлемелерінің әркелкілігі және мүлікті беру тәртібінің бірізді болмауы сияқты жүйелі қиындықтарға тап болып отыр.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының адам капиталы дамуы бөлімінің басшысы Асет Адылхан әлеуметтік кәсіпкерліктің жекелеген санаттарына арналған преференциялар енгізу қажеттігіне назар аударды.

«Мысалы, сотталған және бұрын қылмыстық жазасын өтеген азаматтармен жұмыс істейтін кәсіпорындар бар. Олар бұл адамдарға қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік береді, жұмыспен қамтиды, кадрлары мен өндірістік қуаттары бар. Бірақ тапсырыс жетіспейді. Сондықтан, біз оларды мүгедектер ұйымдары сияқты мемлекеттік сатып алуларға қатысуда артықшылықтармен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», - деді Асет Адылхан.

Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар әлеуметтік кәсіпкерлікті жүйелі дамыту үшін бірқатар ұсыныстар енгізді: жергілікті бюджеттерге әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жеке баптар енгізу; мемлекеттік қолдау тетіктері мен тиімділік көрсеткіштерін нақты сипаттайтын әдістемелік ұсынымдар әзірлеу; жергілікті атқарушы органдардың балансындағы бос ғимараттардың ашық бірыңғай дерекқорын құру; жеңілдетілген жалдау жүйесін енгізу және мөлшерлемелерді бірыңғайлау.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мемлекет, бизнес және қоғамдық ұйымдар күш біріктірсе, әлеуметтік кәсіпкерлік энтузиазм деңгейінен шығып, қоғамның нақты мәселелерін шешуге және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған тұрақты жүйеге айналады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174