«Өтепберген» шаруа қожалығының есебі бұғатталды: мәселе Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының бақылауында
Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасына «Өтепберген» шаруа қожалығының төрағасы Әбсаттар Өтепберген Әкімұлынан өтініш келіп түсті. Өтініш мазмұны бойынша, шаруа қожалығының есепшотына белгісіз негізде ауыл шаруашылығына арналған субсидия қаражаты аударылып, осыған байланысты Мемлекеттік кірістер басқармасы барлық есепшоттарды бұғаттаған.
Өтепберген Әкімұлы өз өтінішінде ешқандай субсидияға өтінім бермегенін және есепшотына түскен қаражатты пайдаланбағанын атап өткен.
Мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы Ауыл шаруашылығы басқармасына ресми сұраныс хат жолдады. Басқарманың жауабына сәйкес, «Өтепберген» шаруа қожалығының атынан 2022 жылы «BNK Leasing» ЖШС арқылы 18 млн теңге көлемінде субсидия аванстық төлем әдісімен аударылған.
Алайда, шаруа қожалығының төрағасы «BNK Leasing» ЖШС-мен ешқандай келісімшарт жасамағанын және қаражат алмағанын мәлімдеп отыр.
Осыған байланысты, кәсіпкердің өтінішін жан-жақты қарау мақсатында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес пен Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі кеңесінің бірлескен отырысы өткізілді.
Отырыста облыстық және аудандық прокуратура, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ шаруа қожалығының иесі қатысты.
«Кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау – Палатаның басты міндеттерінің бірі. Біз әрбір өтінішке мұқият қарап, бизнес субъектілерінің заңды құқықтарын қорғауға күш саламыз. Аталған жағдай толық зерттеліп, кінәлі тараптар анықталуы тиіс»,
– деді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бақытжан Құралбаев.
Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы бұл істі өз бақылауына алып, кәсіпкердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында қажетті шараларды жалғастырады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: