«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Атырауда «Біріңғай есеп беру күніне» шамамен 300 жергілікті кәсіпкер қатысты

2025 жылғы 26 Қыркүйек
- Атырау облысы
201 просмотров

Іс-шара бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалог алаңы ретінде маңызды рөл атқарады. Оның мақсаты — атқарылған жұмыстарды қорытындылап, тексерулердің динамикасын талдау және мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимылды нығайту.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бақылау-қадағалау органдарының бизнес қауымдастығы алдындағы біріңғай есеп беру күні жыл сайын өткізіледі. Бұл күн кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, бизнесті жүргізуге қолайлы және қауіпсіз орта қалыптастыруға, сондай-ақ экономикалық үдерістің барлық қатысушылары арасында сындарлы диалог орнатуға бағытталған.

Өз сөзінде Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев өңірде кәсіпкерлікті дамытуға басымдық берілетінін атап өтті. Тек 2025 жылы бизнесті қолдауға облыстық бюджеттен шамамен 6 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат жеңілдетілген несиелеуге, субсидиялауға және басқа да ынталандыру шараларына бағытталады.

«Ағымдағы жылы өңірде жалпы құны 108 млрд теңге болатын 23 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде 7 ірі нысан іске қосылып, 500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды. Жалпы, 2025–2029 жылдарға арналған өңірлік инвестициялық картаға сәйкес, жалпы құны шамамен 7 трлн теңге болатын 47 жобаны іске асыру жоспарланған. Жобалар тізімі әлі де толықтырылып, ашық күйінде қалады», – деді Марат Мурзиев.

Әрі қарай атқарылған жұмыс туралы есеппен ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті және мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері сөз сөйледі.

Кездесудің модераторы, Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев бизнесті тексерулердің көбеюі алаңдаушылық тудыратынын атап өтті.

«Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында жоспардан тыс тексерулердің саны 35%-ға артты, ал заңсыз тексерулер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,5 есе өсті. Сонымен қатар, профилактикалық бақылау 50%-ға өсті. Мемлекеттік органдар бұл мәселеге назар аударуы тиіс. «Атамекен» бұл үрдісті жүйелі түрде бақылап, бизнестің мүддесін қорғауды жалғастыра береді», – деді өңірлік палата басшысы.

Іс-шара барысында кәсіпкерлер өзекті мәселелерін белсенді түрде көтерді. Мысалы, Индер ауданынан келген Асылбек Хасанов 500 шаршы метрлік көкөніс сақтау қоймасының құрылысын аяқтағанын және инженерлік желілерге қосылу үшін қолдау сұрағанын жеткізді. Оған Аграрлық несие корпорациясы мен «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қаржыландыру мүмкіндіктері ұсынылды.

Тағы бір қатысушы, кәсіпкер Константин Щербаков, жер телімін мемлекеттік қажеттілікке алу әрекеттеріне және қала билігіне кіре алмауына шағымданды.

«Мен қала әкіміне сізбен кездесу өткізу жөнінде тапсырма беремін, ортақ шешім табуға тырысамыз», – деді облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев.

Сондай-ақ кәсіпкерлер полиция мен салық органдары қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты шағымдарын білдірді. Бұл жағдай бизнес пен мемлекеттік құрылымдар арасында тұрақты диалог жүргізудің маңыздылығын тағы бір рет көрсетті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174