«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Энергетика нарығының тұрақтылығы: «Атамекен» ҰКП алаңында өзекті мәселелер талқыланды

2025 жылғы 01 Тамыз
1068 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы Энергетика комитетінің отырысы өтті.

Комитет отырысына ҚР Энергетика министрлігі, нарық субъектілері, салалық қауымдастықтар, даму институттарының өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Энергия беруші ұйымдарды лицензиялау мәселесі - басты назарда

Комитет энергия беруші ұйымдар үшін лицензиялау тәртібін енгізудің мақсатқа сәйкестігін қарастырды. Комитет мүшелері Энергетика министрлігінің бұл бастамасын қолдап, мұндай тәсіл электр энергиясын беру саласындағы қызметті жүйелеуге, бірыңғай талаптарды белгілеуге және нарық қатысушылары арасындағы өзара іс-қимылдың ашықтығын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Электр энергиясын беру негізгі қызмет түрі болып табылмайтын компанияларға қатысты жағдайға ерекше назар аударылды. Электр желілерін осы салада маманданған өңірлік электр желілік компанияларға (ӨЭЖК) сенімгерлік басқаруға беру сияқты икемді тәсілдерді қолдану ұсынылды.

Тепе-теңдікті нарық пен жоспарлау жүйесін жетілдіру қажеттілігі

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – тепе-теңдікті нарықтың жұмыс істеу проблемалары. Қатысушылардың пікірінше, қолданыстағы модельде Қазақстанның Біртұтас энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) тұрақтылығына әсер ететін жүйелік теңгерімсіздіктер сақталып отыр. Маңызды мәселелердің бірі – ірі тұтынушылардың бір бөлігі тәуліктік графиктерді жоспарлауға қатысудан жалтаруы, бұл болжанбайтын ауытқуларға және көршілес елдерден апаттық электр энергиясын импорттаудың артуына алып келеді.

Бизнес-қоғамдастық өкілдері ауытқулар үшін қаржылық жауапкершілік жүйесін қайта қарау және әділдік қағидатын қалпына келтіру қажеттілігіне назар аударды. Атап айтқанда, барлық ірі тұтынушылардың жоспарлауға міндетті түрде қатысуы сөз болды.

Сонымен қатар, электр қуаты нарығын жаңғырту мәселесі де жеке талқыланды. Қатысушылар жабдықтардың дайындықты сақтау үшін төленетін өтемақы есептеулерін нақтылау, әсіресе қайталанатын апаттар мен тиімсіз жөндеулер үшін жауапкершілік тұрғысынан қайта қарау жөнінде ұсыныстар айтты.

Бұдан бөлек, Бірегей сатып алушыны айналып өтіп, генерациямен тікелей келісімшарттар жасайтын жекелеген теңгерім провайдерлерінің рөліне қатысты алаңдаушылық білдірілді. Комитет Энергетика министрлігіне ЖЭК өкілдерін, энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды және тәуелсіз сарапшыларды тарту арқылы Нарық кеңесінің институционалдық құрамын кеңейту және қосымша сараптама жүргізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Алдағы қадамдар

Талқылау қорытындысы бойынша, электр энергиясының көтерме нарығының жұмысын жетілдіру бойынша ұсыныстарды жан-жақты пысықтау үшін барлық мүдделі тараптардың қатысуымен Энергетика министрлігі жанында кеңейтілген кеңес өткізу бастамасы көтерілді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы энергетиканы елдің экономикалық қауіпсіздігінің негізгі саласы ретінде  мемлекет пен бизнес-қауымдастық арасындағы сындарлы диалогты қамтамасыз ету жұмысын әрі қарай жалғастырады.

Энергетика комитетінің жаңалықтары мен шешімдерін https://atameken.kz сайтынан және Палатаның ресми әлеуметтік желілердегі аккаунттарынан біле аласыздар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер