«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Әйелдер бизнесі: Парламентпен тікелей байланыста

2025 жылғы 27 Маусым
- Астана қаласы
373 просмотров

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары және Салааралық іскер әйелдер кеңесінің бірлескен отырысы өтті. Кездесуде әйелдердің өз ісін бастау және дамыту жолында кездесетін шынайы қиындықтары мен оларды шешудің нақты жолдары мемлекетпен сындарлы диалог арқылы қаралды.

Кездесу барысында мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттың қолжетімсіздігі, жаңа бастаған кәсіпкер әйелдерге арналған сервистік құралдардың жетіспеушілігі және өңірлерде қолданыстағы мүмкіндіктер туралы хабардарлықтың төмендігі секілді маңызды мәселелер көтерілді. Қатысушылар күнделікті кәсіпкерлік тәжірибеде кездесетін проблемалар мен бастамаларын ашық бөлісті.

Әйелдерді экономикаға жүйелі түрде тарту қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Бұл тек қаржылық қолдау туралы ғана емес, сонымен қатар білім беру бағдарламалары, тәлімгерлік және бизнесті отбасылық өмірмен үйлестіре отырып дамытуға жағдай жасайтын инфрақұрылым жайында да сөз болды. Қатысушылар әйелдер кәсіпкерлігінің формалды шаралардан гөрі, тұрақты дамуға бағытталған кешенді экожүйеге мұқтаж екенін атап өтті.

Парламент депутаттары да бұл диалогқа белсенді араласып, көтерілген мәселелерге бей-жай қарамайтындарын көрсетті. Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден отырыста көтерілген проблемалардың өзі мен әріптестері үшін тосын жаңалық емес екенін айтты – депутаттар өңірлерге жиі барып, тұрғындармен кездесіп, әйелдердің қандай қиындықтарға тап болатынын өз көздерімен көріп жүр.

«Біз бұл кездесуге бірден келістік, себебі өз құлағымызбен естіп, көзімізбен көріп жүрміз: ауыл-аймақтарда әйелдер жұмыс істеуге, жобалар жасауға, жауапкершілік алуға дайын. Бірақ біреуінде ақпарат жетіспейді, біреуінде қаржыға қолжетімділік жоқ. Көбіне қарапайым құралдар жоқ», – деді ол.

Кездесу тек пікір алмасумен шектеліп қалған жоқ. Отырыс қорытындысы бойынша тараптар бірлескен бастамалар мен жобалар аясында диалогты жалғастыруға, сондай-ақ кәсіпкер әйелдерден келіп түсетін өзекті мәселелерге заңнамалық сүйемелдеу көрсетуге уағдаласты.

Сондай-ақ Іскер әйелдер кеңесінің рөлін күшейту туралы шешім қабылданды – кеңес мүшелеріне белсендірек болу, бастамалармен жиі шығу және Палата қызметіне белсенді қатысу ұсынылды. Сонымен қатар, депутаттар, мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен тұрақты кездесулер өткізу жоспарланып отыр, онда өзекті мәселелер талқыланып, нақты шешімдер ізделетін болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер