«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Біз сауда ережелерін бұзудан бизнесті қорғағымыз келеді» – Павлодар облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Абенов

2025 жылғы 19 Маусым
- Павлодар облысы
319 просмотров

Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының сауда және қызмет көрсету саласы бойынша салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиынға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Кездесуді «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Абенов өткізді.

Павлодар облысы бойынша Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдушевтің айтуынша, 2025 жылы республикалық «жол картасына» сәйкес сауда базарларын жаңғырту жоспарланған.

«Павлодар облысында алты нысан анықталды, жалпы республика бойынша – 100-ден астам. Комиссиялар тұрақты түрде келіп тұрады. Екі-үш апта бұрын Сауда комитеті келіп, бізбен бірге республикалық «жол картасына» енген барлық базарларды аралап шықты. Әрқайсысымен жеке сөйлестік, мәселелерді талқыладық. Алайда, аралау нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталды. Олар ең алдымен өнімдердің тауарлық көршілігіне қатысты. Ішкі сауда ережелерінде шикі өнім дайын өнімнің жанында тұрмауы тиіс делінген. Алайда базарларды аралау кезінде дайын өнімнің қасында жуғыш заттар тұрған жағдайлар анықталды. Бұл өнім сапасына әсер етеді және жол беруге болмайды», – деді Дәулен Қабдушев.

Оның айтуынша, павлодарлық базарларды аралаған астана комиссиясы бейберекет сауданың әлі де базарлардың жанында жүріп жатқанын атап өтті. Мұны базарларға барған полиция қызметкерлері де көрген. Комиссияның тағы бір ескертуі – «Қазақстанда жасалған» деген жазуы бар белгілердің болмауы. Бүгінде ішкі сауда ережелеріне сәйкес отандық өнімдерде бұл жазу болуы тиіс. Сонымен қатар, бұл өнімдер көзге көрінетін, яғни көз деңгейінде орналасуы қажет.

«Біз базарларды аралау кезінде, өкінішке қарай, бұл талаптың бар жерде сақталмайтынын байқадық. Сондықтан осы заң талабының орындалуын сұраймын», – деді спикер кәсіпкерлерге.

Павлодар облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекова да өз саласы бойынша саудаға қойылатын талаптарды еске салды.

«Азық-түлік өнімдерін сату арнайы сауда орындарында – балық, ет, көкөніс және бақша өнімдері бөлек-бөлек жүргізілуі керек. Сауда орындары қажетті құрал-жабдықтармен, инвентарьмен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл – тауарлық көршілік, сақтау және сату шарттарын сақтау үшін маңызды», – деп атап өтті ол.

Сауда орындарына қойылатын талаптар жөнінде кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы, жергілікті полиция қызметі, төтенше жағдайлар департаменті өкілдері де баяндама жасады. Ал қолдау шаралары туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өкілі айтып берді.

«Біз бұл кездесуге бизнес өкілдерін талаптармен қорқыту үшін емес, керісінше, оларды заң бұзушылықтардан сақтандыру үшін шақырдық. Кәсіпкерлер көптеген заң нормаларын біледі, дегенмен еске салып отырған артық болмайды. Сонымен бірге, базарларды жаңғырту міндеті тұр, бұл бағытта мемлекет тарапынан қолдау шаралары да қарастырылған», – деді Ерқанат Абенов.

Кәсіпкерлер өз сауда орындарына қатысты сұрақтарын қойып, нақты жауап алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер