«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ақтөбе кәсіпкерлеріне балалардың қосымша білім беру бойынша пилоттық жобасы қалай іске асырылатыны түсіндірілді

2025 жылғы 19 Маусым
- Ақтөбе облысы
279 просмотров

2025 жылғы 1 маусымнан бастап Қазақстанның алты қаласында, оның ішінде Ақтөбеде, спорт, шығармашылық және қосымша білім беру бағыттары бойынша біріңғай ваучер беру жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды. Бұл жоба ата-аналар үшін де, балаларды дамыту саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады.

Жобаны іске асыру тетіктері мен ерекшеліктері туралы Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі саларалық кеңестің қосымша білім беру бойынша кіші секторының отырысында айтылды.

– Бұл жай ғана жоба емес – бұл білім алуды қолжетімді, ашық әрі отбасының нақты қажеттіліктеріне бейімделген етуге бағытталған қадам. Мемлекеттік тапсырыс алғаш рет тұлғалық қаржыландыру қағидаты бойынша орналастырылады, енді ваучер ұйымға емес, баланың артынан жүреді, – деп атап өтті Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертлеуова.

Ваучер алуға 4 жастан 18 жасқа дейінгі, пилоттық жобаға қатысушы қалаларда тұратын балалар құқылы. Өтінішті баланың ресми өкілдері – ата-аналар, қамқоршылар, асырап алушы немесе патронат тәрбиешілер бере алады.

Ваучердің екі түрі бар:

  • Мақсатты ваучер – мемлекеттік мекемелердегі үйірмелерге кезексіз қатысу үшін;
  • Жалпыға арналған ваучер – жеке ұйымдардағы (кружок, секция, курс) қызметтерге, мұнда кезек жас мөлшері мен отбасының әлеуметтік мәртебесіне қарай құралады.

Маңызды: әр балаға тек бір бағыт бойынша бір ваучер ғана беріледі — ол спорт, өнер немесе кез келген қосымша білім саласы болуы мүмкін.

– Жоба аясында алғаш рет «еркін таңдау» қағидаты енгізіліп отыр: бала қаржыландыруды жоғалтпай, бір секциядан екіншісіне ауыса алады, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Балмағамбетова.

Пилоттық жобаның мақсаты тек қолжетімділік қана емес, сонымен қатар сапаны арттыру. Қызмет көрсетушілерге (үйірме, секция иелері) келесі талаптар қойылады: қауіпсіз инфрақұрылым; санитарлық және өртке қарсы талаптарға сәйкестік; бекітілген білім беру бағдарламалары; білікті педагогтер.

Сабаққа күнделікті қатысу электронды түрде тіркеліп отырады. Барлық процесс «Dara Bala» бірыңғай платформасы арқылы автоматтандырылып, ашықтық пен сыбайлас жемқорлықтан қорғауды қамтамасыз етеді. Қазір бұл жүйе Ұлттық білім беру деректер базасымен (ҰББ) біріктірілуде.

Жобаның облыстағы біріңғай операторы – Білім басқармасы. Қазіргі қызмет көрсетушілер автоматты түрде жүйеге қосылады, қайта келісімшарт жасау қажет емес. Алайда бір айдан кейін сапа мен талаптарға сәйкестікке мониторинг жүргізіледі.

Біздің міндетіміз – бюджеттік қаражатты тиімді пайдалану және барынша жауапты қызмет көрсетушілерді тарту. Қосымша кездесулер, түсіндіру жұмыстары мен жобаны жетілдіру бойынша ұсыныстар жинауды жалғастырамыз, – деді Ақтөбе облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ахамбай Мейіржан.

Сондай-ақ, Dara Bala порталында өзекті мәселелер бойынша интерактивті «Сұрақ-жауап» бөлімі әзірленіп, қызмет көрсетушілерге түсіндірулер мен хабарламалар жіберілуде.

Кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің айтуынша, пилоттық кезең — бұл алдағы уақытта барлық қатысушылар үшін ыңғайлы әрі тиімді жүйе қалыптастыруға берілген мүмкіндік. Кәсіпкерлер тарапынан жобаны жетілдіру бойынша бірнеше ұсыныстар айтылды. «Атамекен»  сындарлы диалог жүргізуге қолдау білдіреді.

Жобаның іске асырылуына қатысты қосымша кеңесті Кәсіпкерлер палатасы мен тиісті басқармалардан алуға болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер