«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

$17 млрд доллар, алғашқы өңіраралық портал және жаңартылған өзара іс-қимыл жоспары: «Орталық Азия – Қытай» Іскерлік кеңесінің II отырысы несімен есте қалды

2025 жылғы 17 Маусым
644 просмотров

Бүгін Астанада «Орталық Азия – Қытай» Іскерлік кеңесінің екінші отырысы өтті. Шараға Қытай, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанның бизнес қауымдастығынан, мемлекеттік құрылымдары мен сауда-өнеркәсіп палаталарынан шамамен мыңға жуық өкіл қатысты. Кеңесті «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы ұйымдастырды. 

Шара ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Орталық Азия елдері басшылары қатысатын «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті қарсаңында өтіп отыр.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин пленарлық отырыста сөз сөйледі. Ол жиынның сауда, ауыл шаруашылығы, электрондық сауда және көлік-логистика салаларындағы экономикалық байланыстарды нығайту жолындағы рөлін жоғары атап өтті.

«Орталық Азия елдерінің әлеуетін Қытайдың ауқымды мүмкіндіктерімен біріктіру елдеріміздің өзара қарым-қатынастарының негізін жаңа деңгейге көтереді», – деді С.Жұманғарин.

«Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов Қытаймен іскерлік қатынастарды Орталық Азия үшін тұрақты әрі біртұтас даму жолындағы стратегиялық маңызы бар бағыт деп атады.

«Біздің міндетіміз – «Орталық Азия – Қытай» Іскерлік кеңесінің ұсыныстарын кеңінен жүзеге асыратын, бірлескен жобаларды ілгерілетіп, институционалдық үйлестіруді жүргізе алатын нақты құзыреттермен қамтамасыз ету.

Осы тұрғыда елдеріміздің ұлттық кәсіпкерлер палаталары арасындағы жұмысты жүйелі ретке келтіруді ұсынамыз. Біз экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған бағдарламаларда, оқыту бағыттарында және гранттық қолдауда үлкен әлеует бар деп санаймыз», – деді ол.

Отырыс барысында алты ел арасындағы цифрлық ықпалдастықты нығайту мәселесі де қозғалды. Осылайша Райымбек Баталов «Орталық Азия–Қытай» өңіраралық сауда порталын құруды ұсынды. Ол  жобалар, заңнама, логистика мен инвестициялық мүмкіндіктер туралы ақпаратты біріктіретін құрал болады. «Порталға бизнес-тізілімдер, келісімдерді жүзеге асыру барысын реттейтін қызметтер, инвестициялық бастамалар алаңдарын енгізуге болады», – деді Баталов.

Қытайдың Халықаралық саудаға жәрдемдесу кеңесінің (CCPIT) төрағасы Жэнь Хунбин «Бір белдеу – бір жол» бастамасы алғаш рет Орталық Азияда ұсынылғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл бастама аясында барлық қатысушы елдер жылдар бойы өз пайдасын тауып тұрды. Бұған қоса, ол Қытай мен Орталық Азия елдері басшыларының екінші саммитінде жаңартылған ынтымақтастық жоспарын бөлек атап өтті.

«Орталық Азия – Қытай» бірінші саммиті аясында құрылған Кәсіпкерлер кеңесі – көпжақты диалог алаңы ретінде өз тиімділігін көрсетті. Біз оны одан әрі дамытып, елдеріміз арасындағы экономикалық жақындасу тетігі ретінде пайдалана бермекпіз. Осы орайда үш бағытты ұсынамын. Олар: сауда байланыстарын нығайту, инвестициялық әлеуетті ашу және өндірістік-өткізу тізбектерін құру», – деді ол.

Отырыс барысында Орталық Азия мен Қытай арасындағы сауда айналымының қарқынды өсуі атап өтілді. Былтыр бұл көрсеткіш 95 млрд АҚШ долларына жетті, оның жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі. Ал 2025 жылдың І тоқсанында Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда көлемі шамамен 29,3 млрд долларды құрап, Қытайдан импорт 18% артты. Қазақстан экспортының құрылымында мұнай, мыс, уран, металлургия өнімдерімен қатар қайта өңделген агроөнімдердің үлесі артып келеді.

Сондай-ақ, отырыс барысында жалпы сомасы 17 млрд АҚШ долларынан асатын 34 құжат (меморандумдар, келісімдер, уағдаластықтар) рәсімделді. Олар энергетика, құрылыс, машина жасау, логистика, денсаулық сақтау, агроөнеркәсіп, білім беру және цифрлық технологиялар салаларын қамтиды.

Қол қойылған маңызды құжаттар қатарында:

  • «Kazakh Soda» ЖШС мен China CAMC Engineering Co., Ltd арасындағы келісімшарт;
  • «Қағанат өнімдері» ЖШС мен Kazakhstan Jinjiang Co., Ltd арасындағы өндірістік парк жобасы;
  • «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мен China State Construction Engineering Corporation арасындағы меморандум;
  • ҚР АШМ мен CITIC Construction арасындағы меморандум;
  • «ҚазМұнайГаз» бен CITIC Group арасындағы келісім;
  • Назарбаев Университет пен Шанхай дәстүрлі қытай медицинасы университетін қоса алғанда, Қытайдың жетекші ғылыми мекемелерімен қазақстандық ЖОО-лардың келісімдері;
  • АХҚО-мен бірлесіп құрылатын Орталық Азия – Қытай халықаралық сауда платформасы.

«Кеңестің өткізілуі елдеріміз арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтудың маңызды құралы болып отыр. Бүгін 30-дан астам стратегиялық маңызды құжатқа қол қойылды. Олардың қатарында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Қытайдың China Energy International Group, China Overseas Development Association сияқты алпауыт құрылымдарының меморандумдары бар. Бұл келісімдер бірлескен жобаларды жүзеге асыруға берік негіз болады деп сенемін», – деді Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов.

Форум бағдарламасына екі негізгі панельдік сессия кірді:

  • «Жасыл энергетиканы дамыту» – жаңартылатын энергия көздері саласындағы технология трансфері, Күн және жел станцияларын салу бойынша әріптестік жобалар, Орталық Азиядағы «жасыл» көшудің келешегі талқыланды.
  • «Локализация және технология трансфері: Қытайдың IT-тәжірибесі негізінде Орталық Азияда цифрлық егемендікті қалай құруға болады» атты сессияда цифрлық инфрақұрылым, стартап-экожүйе, жасанды интеллект және трансшекаралық платформалар мәселелері қаралды.

Сонымен қатар, Шэньси провинциясының туризм, өнеркәсіп және агросектор салаларындағы әлеуетін таныстырған жеке презентация өтті. Оны провинция үкіметі, ірі корпорациялар мен зерттеу орталықтарының өкілдері жүргізді.

Форум аясында В2В-кездесулер мен C5+1 форматындағы инвестициялық дөңгелек үстел өтті. Онда ауыл шаруашылығы, көлік, өнеркәсіп және цифрлық шешімдер бойынша ынтымақтастық мәселелері көтерілді.

Орталық Азия елдерінің сауда-өнеркәсіп палаталарының басшылары да сөз алып, институционалдық үйлестіру, ШОБ-ты қолдау, стандарттарды үйлестіру және өңірлік бастамаларды ілгерілету қажеттігін атап өтті.

«Атамекен» ҰКП екіжақты және көпжақты серіктестікті кеңейту, инвестициялық жобаларды институционалдық сүйемелдеу және Орталық Азия мен Қытай арасындағы іскерлік байланысты нығайту бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер