Лейла Куленова Әйелдер кәсіпкерлігі комитетінің жаңартылған құрамын басқарады
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Іскер әйелдер кеңесінің (ІӘК) кеңейтілген отырысы өтті. Отырысқа «Атамекен» Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков, ІӘК төрайымы Ляззат Рамазанова, әйелдер кәсіпкерлігі комитетінің жаңартылған құрамы мен салалық қауымдастық өкілдері қатысты.
Кездесудің басты тақырыбы – Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту болды. Өз сөзінде Ляззат Рамазанова Комитет құру бастамасының 2022 жылы көтерілгенін және бүгінде нақты нәтижеге қол жеткізілгенін атап өтті.
«Бүгін біз табанды еңбегіміздің нәтижесін көріп отырмыз. Әйелдер кәсіпкерлігінің мүддесін қорғайтын, гендерлік сараптама жүргізетін және мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатыса алатын орган құрылды», - деді ол.
Отырысқа қатысушылар Лейла Куленованы Комитет төрайымдылығына бірауыздан қолдап, дауыс берді. Лейла Куленова – Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының төрайымы, адами капиталды дамыту саласында мол тәжірибесі бар. Қатысушылар оның кәсіби деңгейін, көшбасшылық қасиеттерін және білім беру саласындағы әйелдерді қолдаудағы белсенді рөлін ерекше атап өтті.
Әйелдер кәсіпкерлігі комитеті «Атамекен» ҰКП Төралқасы жанында тұрақты негізде жұмыс істейтін болады. Комитеттің негізгі міндеттері – сараптамалық қорытындылар әзірлеу, әйелдер бизнесінің мүддесін қорғау және мемлекеттік органдармен тиімді өзара іс-қимыл орнату, сондай-ақ гендерлік теңдік тетіктерін ілгерілету.
Сондай-ақ, отырыс барысында өңірлік Әйелдер іскерлік кеңестерінің және аккредиттелген қауымдастықтардың өкілдері сөз сөйлеп, Лейла Куленованың кандидатурасын бірауыздан қолдап, оның кәсібилігін және Комитет жұмысының табысты болуына сенімділік білдірді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: