Түркістанда бизнеске жаңа талаптар енгізілді
Бүгін Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында «Түркістан қаласының дизайн-коды» тақырыбында кең көлемді түсіндіру жұмыстары өтті. Іс-шара Түркістан қалалық мәслихатының 2025 жылғы 18 сәуірдегі №29/133-VIII шешімімен бекітілген құжат негізінде ұйымдастырылды. Жиын барысында жаңа талаптар мен стандарттар кәсіпкерлер мен мүдделі тараптарға таныстырылды.
Дизайн-код дегеніміз не?
Дизайн-код — бұл қаланың сыртқы келбетіне қойылатын бірыңғай стандарттар мен талаптар жиынтығы. Ол ғимараттардың қасбеттерінен бастап маңдайшалар, көше жиһаздары, нұсқағыштар, жарықтандыру және шағын сәулет нысандарына дейінгі элементтерді қамтиды. Кодтың негізгі мақсаты — Түркістан қаласының эстетикалық келбетін жақсарту, жайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру, сондай-ақ туристік тартымдылықты арттыру.
Құжаттың негізгі бағыттары:
• Сыртқы (көрнекі) жарнама мен ақпараттық маңдайшаларды орналастыру тәртібі;
• Көше навигациясы және жол көрсеткіштерінің стандарттары;
• Көше жиһазы мен шағын сәулет формаларына қойылатын талаптар;
• Ғимараттардың қасбеттік шешімдері;
• Қоршау элементтеріне қойылатын нормалар;
• Қалалық кеңістікті жарықтандыру жүйелерінің дизайн стандарттары.
Іс-шара барысында Түркістан қаласы әкімдігінің Сәулет және қала құрылысы бөлімі сәулет секторының меңгерушісі Әбдіжапар Бексұлтан және бөлімнің бас маманы Азат Қуатұлы дизайн-код талаптарын сақтау қаланың келбетін үйлестіруге, сондай-ақ заманауи әрі тартымды кәсіпкерлік нысандарды қалыптастыруға зор ықпал ететінін атап өтті.
Жиынға жобалаушы компаниялардың өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Кәрімбаев бұл шараның маңыздылығын ерекше атап өтті:
– Бұл кездесу Түркістан қаласының заманауи, үйлесімді әрі келешекке бағдарланған келбетін қалыптастыру жолында маңызды қадам болды. Кәсіпкерлер мен құрылыс саласының өкілдеріне нақты талаптар мен стандарттар жан-жақты түсіндірілді, – деді ол.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: