Алматыда туристік қызметті дамыту мәселелері бойынша турагенттермен кездесу өтті
Басқосу жетекші турагенттердің, туристік сала сарапшыларының және мемлекеттік құрылымдар өкілдерінің қатысуымен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында өтті.
Статистика бойынша, 2024 жылы қалаға 1,7 миллион турист келген, бұл Алматыға, еліміздің негізгі туристік бағыттарының бірі ретінде, үлкен қызығушылық танытудың белгісі. Туризмнен түсетін салық түсімдерінің көлемі 85,5 млрд. теңгені құрады. Дегенмен, табысты нәтижелерге қарамастан, саланы одан әрі дамытуды қиындататын бірқатар сын-қатерлер бар.
Кездесуде қала инфрақұрылымының жағдайы, қонақ үй орындарының жетіспеушілігі, сондай-ақ көліктің қолжетімділігі мен қызмет көрсету сапасына қатысты мәселелер талқыланды. Туристердің Алматыда болуы кезінде саяхатын жайлы етуге және келушілер ағынын арттыру мақсатында бұл мәселелер шешімді қажет етеді.
Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар Алматының туристік тартымдылығына теріс әсер ететін қала экологиясының ластану проблемаларын талқылады. Сарапшылар экологиялық тұрақты туристік өнімдерді әзірлеудің және экологиялық туризм саласында заманауи стандарттарды енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Ішкі және сыртқы туризм мәселелерін талқылау да маңызды болды. Қатысушылар Алматыда ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлерінде де туристерді тарта алатын бірегей туристік өнімдерді белсенді дамыту қажет екенін атап өтті. Ұсыныстардың қатарында елдің байлығы мен түрлілігін көрсете алатын мәдени, тарихи және экологиялық турларды қоса алғанда, жаңа маршруттар құру бастамалары болды.
Кездесу барысында ағымдағы сын-қатерлерді еңсеру үшін нақты шешімдер ұсынылды. Мысалы, сарапшылар туристік ағындардың өсуін ескере отырып инфрақұрылымды дамытуды, туристерге қызмет көрсетуде жаңа технологияларды енгізуді, шағын және орта бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер жасауды ұсынды. Сондай-ақ, өңірлерде туристік саланың дамуына түрткі болатын туристік кластерлерді құру перспективалары тарқатылды.
Кездесу соңында қатысушылар тұрақты және бәсекеге қабілетті туристік инфрақұрылымды құру үшін мемлекеттік құрылымдар, бизнес және сарапшылар арасындағы ынтымақтастық шеңберін кеңейтуге келісті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: