«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Маңғыстаулық кәсіпкерлер салық саласын реформалауға қатысты ұсыныс білдірді

2025 жылғы 13 Ақпан
- Маңғыстау облысы
1518 просмотров

Маңғыстау облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер Комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов бизнес-қоғамдастықпен кездесті. 200-ге жуық кәсіпкер қатысқан кездесу барысында жаңа Салық Кодексі талқыланып, оның бизнеске деген әсері сөз болды, деп хабарлайды Өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Күн тәртібіндегі маңызды тақырыпты талқылауға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Рашит Мұстапаев пен Өңірлік кәсіпкерлер Кеңесінің төрағасы Жалғас Мырзағалиев қатысты.

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков өз сөзінде азық-түлік, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуіне жол бермеу үшін Үкімет микро және шағын бизнесті ҚҚС төлеуден толық босату мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты.

ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов қосымша құн салығы бюджетті толықтырудың негізгі көздерінің бірі екенін тілге тиек етті. Бірақ салық салу саласындағы өзгеріс кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы жалпы халықтың мүддесіне де әсер ететіндіктен, талқылаулар бизнес-сарапшылардың қатысуымен ашық түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.

  • Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты бизнес өкілдерінің ұсыныс-пікірін білу мақсатында барлық өңірде кездесу өтіп жатыр. Осыған байланысты сіздердің нақты ұсыныстарыңызды Үкімет мұқият саралап, алдағы уақытта ҚР Парламентіне ұсынады, - деді Жәнібек Нұржанов.

Маңғыстаулық кәсіпкерлер қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан қосымша құн салығы жөнінде пікірін айтты. Соның ішінде жергілікті бизнес өкілдері Жалғас Мырзағалиев, Жасұлан Серік, Нұржігіт Нұрболатұлы нақты ұсыныстарын білдірді.

  • Үкімет ұсынған ҚҚС мөлшерлемесін көтеру – ел экономикасын құлдыратуы мүмкін. Қосымша құн салығы өссе, азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек, жанармай, коммуналдық қызметтер қымбаттайтыны айдан анық. Бұл ең алдымен шағын кәсіпкерлікке ауыр тиеді. Кәсіпорындар шығынды азайту үшін жұмысшыларды қысқартып, жұмыссыздық белең алуы мүмкін.  Халықтың табысы құнсызданады, яғни жалақы көтерілмейді, ал ел тұтынатын әрбір нәрсе қымбаттай береді. Сол себепті біз ҚҚС-ты 16%-ға көтеруге үзілді-кесілді қарсымыз. Қазіргі жүйе тек белгілі бір топтарға ғана жеңілдік беріп отыр. Мұнайдан миллиардтаған табыс тауып отырған корпорация мен базарда күн көріп жүрген шағын кәсіпкерге бірдей талап қою – әділетсіздік. Табысы жоғары және ҚҚС төлемейтін немесе ҚҚС-ты қайтаруға мүмкіндігі бар экономиканың ірі секторларына сараланған салық салуды ұсынамыз, - деді Өңірлік Кеңес төрағасы Жалғас Мырзағалиев.

Жалғас Мырзағалиев құмар ойын бизнесі  ҚҚС төлемейтін айрықша жоғары кірісі бар сала екенін айтып отыр. Егер кәсіпкерліктің бұл түріне де салық енгізілсе, әділ қадам болады деп топшылайды. Әрі бұл бюджетке айтарлықтай кіріс әкелуі мүмкін.

Ал «TaxServiceKz» ЖШС директоры әрі 1 санаттағы салық кеңесшісі Жасұлан Серік ҚҚС мөлшерлемесін 12% деңгейінде қалдыруды ұсынды. Өйткені қосымша құн салығының өсуі көлеңкелі бизнестің көбеюіне әсер етеді деп пайымдайды.

  • Үкімет басындағы азаматтар өңірге келіп, жаңа Салық Кодексін түсіндіріп жатқаны өте дұрыс. Біз де өз ұсынысымызды айттық. Мұнда кәсіпкерлер мен Үкімет өз ұстанымын бүкпесіз айтқан пікір алаңы болды. Ел үшін маңызды қадамда кәсіпкерлердің де ойы ескерілгені құба-құп. Теориялық тұрғыдан қарасақ, ҚҚС өсімі бюджетке салық түсімдерін арттыруы керек. Алайда, егер тұтыну көлемі азайып, бизнестің бір бөлігі нарықтан шықса, Үкімет күткен әсер әлсіз болуы мүмкін. ҚҚС-тың 16% - ға дейін өсуі бағаның көтерілуіне, тұтынудың төмендеуіне, көлеңкелі экономиканың өсуіне әкеледі. Оның орнына бюджетті ұлғайтудың жұмсақ және тиімді жолдарын іздеген жөн. Біз ҚҚС мөлшерлемесін арттырмауды ұсынамыз, бірақ оның орнына ҚҚС-тан босатылған кейбір әрекеттерді алып тастауды ұсынамыз. Егер шағын және орта бизнес "жойылып кетсе", онда банктер де өздігінен банкротқа ұшырайды. Сондықтан ҚҚС мөлшерлемесін 12% деңгейінде қалдыру керек деп есептеймін, - деді Жасұлан Серік.

Сондай-ақ, «Respublica» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұржігіт Нұрболатұлы ҚҚС-қа қатысты өз ұсыныстарын айтты.

  • Біз де ҚҚС-тың өсуіне қарсымыз. Себебі бұған дейін біз кәсіпкерлермен кездестік. Біздің партиямыздың мүшесі Максим Барышев қосылған құн салығын көтермей, мынадай жолды қарастыру қажет екенін айтты. Жоғары аудиторлық палата егжей-тегжейлі талдау жасап, ақшаны тұтынатын тиімсіз еншілес құрылымдарды анықтау керек. Содан соң оларды сату керек немесе жою керк.  Әлеуеті –  жылына 2 ТРЛН теңге. Сондай-ақ, медициналық сақтандыру қоры мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының шығындары бақылауға алынуы тиіс. Оларды Қаржы министрлігіне тікелей есеп беруге міндеттеу керек. Осылайша жылына 0,5 ТРЛН теңге қаражат үнемделуі ықтимал. Кеден бекеттерінде бақылауды жолға қою қажет. Сонда қосымша кедендік алымдар мен ҚҚС төлеу жылына 0,5 ТРЛН теңгені құрайды, - деді Нұржігіт Нұрболатұлы.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер Ботагөз Сынабаева, Роза Дарханова, Ирина Беляева, Игорь Машинский, Нұрлан Тілепов ҚҚС-ты көтеруге қарсылық білдіріп, бұл мәселені толығырақ қарауды сұрады. Одан бөлек, жеке бизнестеріне қатысты сұрақтарын қойды.

 

Бизнес өкілдерімен кездесу екі сағатқа ұласты. Жиын барысында кәсіпкерлер көкейдегі сұрағын қойып, салық саясатындағы әр өзгерісте ең алдымен бизнес өкілдерінің пікірі ескерілуі тиіс екенін айтты. Сол себепті кездесуде айтылған ұсыныстар шешуші кезеңде ескерілсе деген тілек білдірді. ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков пен Мемлекеттік кірістер Комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов барлық ұсыныс-тілекті қаперге аламыз деп уәде етті.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер