«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Атамекен» ҰКП ESG және Тұрақты даму жөніндегі кеңесі Астана әкімдігін қалаға жаңа мәртебе беруімен құттықтайды

2024 жылғы 17 Желтоқсан
1820 просмотров

Астана тұрақты даму жолында маңызды қадам жасады. Орталық Азия мен Қазақстанда халықаралық ISO 37120 «Тұрақты қалалар мен қауымдастықтар – Қалалық қызметтер мен өмір сапасының көрсеткіштері» стандарты бойынша сертификат алған алғашқы қала атанды. Беделді «Silver» сертификаты елорданы болашақ қаласы мәртебесіне маңызды қадам жасай отырып, тұрақты мегаполистердің қатарына қосты. Олардың ішінде Лос-Анджелес, Лондон, Дубай, Йоханнесбург, Варшава және т.б. әлемнің ірі қалалары бар.

«Атамекен» ҰКП ESG және Тұрақты даму кеңесінің төрайымы Юлия Якупбаева атап өткендей, Астананың мысалы Қазақстанның жаһандық тұрақтылық стандарттарына сәтті интеграцияланып жатқанын көрсетеді.

«Бұл тәжірибе ең алдымен бізге, қала тұрғындарына пайдалы болатынына сенімдіміз. Өйткені сертификат Астана үшін жаңа көкжиектер ашады. Елорда денсаулық сақтаудан бастап коммуналдық қызметтер мен қауіпсіздікке дейінгі негізгі салалардағы өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмысты күшейте алады. Сондай-ақ, саябақтарды, жағалауларды және қоғамдық аумақтарды дамыту маңызды бағыт болмақ, бұл қалалық ландшафтты одан да тартымды етеді», - деді ол.

Сертификаттауды әлемдегі жалғыз қалалық сертификаттау органы Дүниежүзілік қалалық деректер кеңесі (WCCD) жүргізді. Астана экономика, білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, көлік және басқа да маңызды салаларды қоса алғанда, 19 негізгі саланы қамтитын 128 көрсеткіш бойынша мұқият бағалаудан өтті. Сарапшылар экономика, экология және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттарын жоғары бағалады, бұл ресурстарды басқару мен қалалық жоспарлауда тиімді шешімдердің сәтті жүзеге асқанын растайды.

«Астана Innovations» АҚ Басқарма төрағасы Берік Ахметов атап өткендей, «Тұрақты қала» жаңа мәртебесі Астана үшін туризмді дамытуда, халықаралық инвестицияларды тартуда, әлемдік әріптестермен байланысты нығайтуда және инновациялық инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда үлкен перспективалар ашпақ.

«Бұл қадам Астананы келесі мақсатқа, яғни ISO 37122 «ақылды» қала сертификатын алуға жақындатады», - деді ол.

ISO 37120 стандарты 2014 жылы жасалып, 2018 жылы жаңартылған. Қазір бүкіл әлем бойынша 140-тан астам мегаполис бұл стандартқа сәйкес келеді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер