«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

АӨСШК Іскерлік кеңес отырысының негізгі тақырыбы – экономикалық ынтымақтастық және ШОБ қолдауға бағытталды

2024 жылғы 20 Қараша
1034 просмотров

Астанада «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталовтың және АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбайдың сондай-ақ, Қазақстанның мемлекеттік органдары, ұлттық сауда ұйымдары мен халықаралық компаниялар өкілдерінің қатысуымен жетекшілігімен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) Іскерлік кеңесінің жетінші отырысы өтті.

Іс-шара АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбайдың алғы сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде Қазақстанның ұйымға төрағалығын қорытындылай отырып, екі жыл жұмысының негізгі жетістіктеріне тоқталды. Тұрақты дамуға ықпал ететін бастамаларға ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, ол шағын және орта кәсіпкерлік секторында әйелдер кәсіпкерлігін ынталандырудың маңыздылығына тоқталып, ауғанстандық бизнес өкілдерінің Іскерлік кеңес жұмысына қатысуын тілге тиек етті. Қайрат Сарыбайдың айтуынша, бұл қадам Ауғанстанның экономикалық реинтеграциясына және оның халықаралық бизнес ортадағы позициясын нығайтуға ықпал етеді.

АӨСШК Іскерлік кеңесінің төрағасы Райымбек Баталов Қазақстанның АӨСШК-нің басқа елдерімен экономикалық ынтымақтастығын нығайтудағы елеулі жетістіктерін және сауда байланыстары мен бірлескен кәсіпорындардың өсуі жайында мәлімдеді. Бүгінде Қазақстанда АӨСШК елдерінің капиталының қатысуымен 36 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Өткен жылы АӨСШК елдерімен тауар айналымы 5 пайызға артып, Қазақстанға құйылған инвестиция көлемі 1,6 миллиард АҚШ долларын құрады.

Іскерлік кеңес төрағасының айтуынша, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қазақстандық экономикалық реформаларға, оның ішінде салық режимін жақсартуға және мемлекеттік қолдауға ашықтық пен тең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін цифрлық экожүйені құруға белсенді қатысуда. Бұл экожүйенің өнімдерінің бірі инвестициялық жобалардың іске асырылуын және шағын бизнестің дамуын бақылайтын, сонымен қатар, инвесторларға ақпарат беретін Интерактивті инвестициялық карта болып табылады.

Райымбек Баталов елдегі цифрландырудың жоғары деңгейіне тоқталып, бизнес өкілдерін жаңа платформаға қатысуға шақырды.

Кездесудің күн тәртібінде тиімділікті арттыру және өсуді ынталандыру үшін жасанды интеллектіні бизнес-процестерге енгізу мәселелері қарастырылды. IT, денсаулық сақтау және қаржы сияқты салалардағы AI мүмкіндіктері қарастырылды.

Басқосуда шағын және орта бизнеске халықаралық нарықтарға шығуға және сауда көлемін арттыруға көмектесетін электронды коммерция арқылы трансшекаралық сауданы кеңейту стратегиялары талқыланды.

Логистика мен инфрақұрылымға ерекше көңіл бөлініп, көлік байланыстарын жақсарту және жүктерді жеткізу процестерін оңтайландыру бойынша шешімдер әзірленді.

Форумның маңызды бөлігі бизнестегі әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ, ШОБ-тың тұрақты дамуына, оның ішінде ұзақ мерзімді өсу үшін экологиялық таза технологиялар мен әлеуметтік тәжірибелерді енгізуге арналды.

Еске салайық, Қазақстан 2021 жылы АӨСШК төрағасы қызметін қабылдады. 2025 жылдан бастап бұл төрағалық Әзірбайжан Республикасына өтеді, ал, АӨСШК Іскерлік кеңесінің төрағасы Райымбек Баталовтың рөлі Әзірбайжанның Шағын және орта бизнесті дамыту агенттігінің төрағасы Орхан Мамедовке ауысады.

Іскерлік кеңес Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен «YueShi Group» компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қоюмен аяқталды.

ҚР Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов АӨСШК-ге мүше елдердің экономикалық өсуін ынталандыру үшін өзара іс-қимыл мен тәжірибе алмасудың маңыздылығын жеткізді.

«Қол жеткізілген келісім еліміздің логистикасында озық технологияларды қолданудың жаңа перспективаларын ашады. АӨСШК аясындағы ынтымақтастық осындай жаңалықтарды пайдалануға мүмкіндік береді.

Компанияның қоймалық процестерді басқару үшін жасанды интеллектіні пайдалану тәжірибесі біздің кәсіпкерлердің назарын осындай инновациялық шешімдерге аударатыны сөзсіз», - деп түйіндеді Қарымсақов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер