«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

СҚО-да су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлердің шығынын өтеу мәселесі талқыланды

2024 жылғы 14 Мамыр
- Солтүстік Қазақстан облысы
6549 просмотров

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков пен Ұлттық экономика министрлігі департаментінің директоры Нұрбол Жаңабеков жұмыс сапарымен СҚО-ға келді. Олар су тасқынынан зардап шеккен бизнес субъектілеріне келтірілген залалды өтеу жөніндегі өңірлік комиссияның отырысына қатысып, кәсіпкерлерді мазалап жүрген сұрақтарға жауап берді.

Т. Нақыпбеков пен Н. Жаңабеков алдымен Косогор шағынауданында орналасқан жеке кәсіпкер Любовь Афанасова иелік ететін «Наш» дүкеніне ат басын тіреді. Алдын біз мәлім еткендей Л. Афанасова тасқын су салдарынан үйінен де, жұмысынан да айрылған болатын. Бұл жарты жылдан соң зейнеткерлікке шығатын адам үшін өте ауыр жағдай.

 «Дүкенімде 10 миллион теңгенің тауары түгелімен құрыды. Үйім де жарамсыз жағдайда. Арнайы бағалаушы мамандардың айтуынша, дүкеніме техникалық тексеру жүргізудің өзі 700 мың теңге болатынын айтты. Зейнетақы аударымына ай сайын 34800 теңгені төлеуді қиналып отырғанымда, мұндай қомақты қаражатты қайдан табарымды білмеймін. Оның үстіне баспанам жарамсыз қалғаннан соң пәтер жалдап тұруыма мәжбүрмін. Сіздерден менің жағдайымды түсініп, көмек берулеріңізді сұраймын», - деді кәсіпкер «Атамекен» ҰКП мен ҰЭМ өкілдеріне.

Сондай-ақ, кәсіпкер бағалаушы компаниялар «әкімдік кәсіпкерлерге бәрібір көмектеседі» деген желеумен қаражатты бірден төлеуін сұраған.

ҰЭМ департамент директоры Нұрбол Жаңабеков Ереже бойынша бағалау мен техникалық тексеру жұмыстарына қаражат төлеудің екі нұсқасы қарастырылғанын жеткізді.

«Кәсіпкер уақыт жоғалтпау үшін мүмкіндігі болса, бағалау компанияларын өзі жалдай алады. Кейін бұл шығындарды әкімдік өтеп береді. Егер мүмкіндігі болмаса, әкімдік өзі өтеп береді, бірақ оған бірақ уақыт кетеді. Басқа мәселелер бойынша қолыңызда мүліктің бүлінгенін растайтын құжаттарыңыз болса, онда барлық шығын мемлекет тарапынан өтеледі», – деді Нұрбол Жаңабеков.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбков бұл мәселені бизнес субъектілеріне келтірілген залалды өтеу жөніндегі өңірлік комиссияның отырысында көтеруге уәде берді. Сондай-ақ, Тимур Арсенұлы зейнетақы және басқа да аударымдарға қатысты «Атамекен» ҰКП мамандары аталмыш проблеманы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына қойғанын жеткізді.

«Бұл мәселе бойынша жауапты министрлік бір шешім шығарады дееген ойдамын. Нақты сіздің жағдайыңызды зерделейміз. Осыған ұқсас бірлі-екілі жайттар болса онда демеушілік көмекке жүгінеміз.  Сіздің зейнетақылық аударымдарыңызды «Күшіміз бірлікте» қоры арқылы аударым жасау жолдарын қарастырамыз», – деді Тимур Нақыпбеков.

Әрі қарай Астанадан келген делегация Подгора шағынауданындағы «Дары моря» дүкені мен Тепличное ауылындағы жиһаз цехына барды.

Мұнда да кәсіпкерлер бағалау мен техникалық тексеруге ақы төлеудің мүмкін еместігі, сондай-ақ зардап шеккен объектілерге электр қуатын қосу туралы сұрақтар көтерді. Кәсіпкерлердің айтуынша, жергілікті энергетиктер электрмен жабдықтауды қайта бастамас бұрын олардың нысандарында жүргізілуі керек тексеру үшін ақы төлеуді сұрайды.  Бұл да зардап шеккен бизнес үшін ауыр жүктеме болып отыр.

 

Көтерілген мәселелердің барлығын «Атамекен» ҰКП және ҰЭМ өкілдері СҚО әкімінің орынбасары Рүстем Құрмановқа жеке кездесуде айтты. Сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен бизнес субъектілеріне келтірілген залалды өтеу жөніндегі өңірлік комиссияның отырысында да сұрақтар көтеріліп, бекітілген қағидаларға сәйкес әрбір комиссияның іс-қимыл алгоритмін түсіндірді.

«Біз қабылданған қағидаларды түсіндіру және өңірлік комиссиялар жұмысын жеделдету мақсатында үш өңірді араладық. Облыстағы бүлінген бизнес объектілеріне барып, кәсіпкерлермен тілдесіп, жергілікті әкімдіктердің осы нысандарға келмегендерін, әлі күнге дейін залалды өтеу бойынша өтініштер қабылданбай жатқанын естідік.  Қазір бізге залалды өтеу үшін Қаржы министрлігінде қаражатты брондауымыз керек. Өйткені қазіргі кезде кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын нақты дәйексіз қарамайды. Біз ҰКП және ҰЭМ тарапынан осы мәселені көтеріп отырмыз.  Қаржы министрлігі әзірге су тасқынына зардап шеккен тұрғындар мәселесімен айналысуда. Сондықтан өңірлерден бізге осы деректер қажет», – деді Нұрбол Жаңабеков.

Облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрмановтың айтуынша, бүгінгі таңда өңірде 188 шағын және орта кәсіпкерлік субъекті (АӨК субъектілерін есептемегенде) зардап шеккен. Алдын ала бағалау бойынша залал сомасы 2,9 млрд теңгені құрап отыр.

Жиында аудандық және қалалық комиссиялар зардап шеккен бизнес өтініштерін әлі қабылдамай жатқаны туралы деген сұраққа облыс әкімінің орынбасары бұл комиссиялар кәсіпкерлер өтінішке дереу құжаттардың толық пакетін қоса беруі үшін бағалау мен техникалық тексеру жүргізуді күтіп отырғанын айтты. Сол деректер бойынша кейін өңірлік комиссия мүшелері өтініштерді қарайтын болады. Оған ҰЭМ өкілі қалалық және аудандық комиссияларға бұл құжаттардың қажет емес екенінтүсіндірді. Зардап шеккен кәсіпкерлердің ауызша айтқанынан алдын ала залал құнын көрсете отырып, кәсіпкерлердің өтінішін еркін формада қабылдау жеткілікті. Бұл фактіні растау үшін аудандық/қалалық комиссия мүшелерінің зардап шеккен объектілерге шығуы міндетті. Содан кейін әрбір объект бойынша хаттамалық түрде аудандық/қалалық комиссия қорытынды береді. Қорытынды өңірлік комиссияға жіберіледі. Зардап шеккен жылжымалы және/немесе жылжымайтын мүлікті бағалау, техникалық тексеру және басқа да растайтын құжаттарды кәсіпкерлер өңірлік комиссияға ұсынады. Комиссия осы деректердің, соның ішінде қалалық/аудандық комиссияның қорытындысы негізінде залалды өтеу сомасы туралы шешім қабылдайды және құжаттардың толық пакетін ҰЭМ-ге одан әрі жібереді.

Зардап шеккен бизнес субъектілеріне осы қызметтерді көрсететін және олардан алдын ала төлеуді талап ететін компанияларға бағалау және техникалық тексеру ақысын төлеу мәселесіне қатысты СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалин қалыптасқан жаңдайдан шығу жолын ұсынды.

 

«Егер кәсіпкер осы қызметтер ақысын төлей алмаса, әкімдік осы шығындарды кейін өтеуі үшін  мұндай жағдайдан шығудың жолы – әкімдік, кәсіпкер және осы қызметтерді көрсететін компания арасында үшжақты келісім жасауға болады. Мұндай келісім бағалау және техникалық тексеру қызметтері төленетініне немесе бағалау компаниясы жергілікті атқарушы органға тікелей шот беруі үшін тағы бір ұсыныстың кепілі болар еді», – деп ұсынды Есжан Оразалин.

Бұл ұсынысқа облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов «2024 жылғы су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығындарды өтеу қағидаларын» әзірлеушіге түзету енгізуді ұсынды.

ҰЭМ және «Атамекен» ҰКП өкілдері қолданыстағы қағидаларға түзетулер немесе нақтылау енгізу бойынша барлық ұсынысты жазуға уәде беріп, өңірлік комиссия мүшелеріне кәсіпкерлерден өтінімдерді қабылдау процесін жеделдетуге және зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жөніндегі жұмысты пысықтау керектігін айтты. 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер