«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ұлттық палата колледжде мемлекет грантына оқыған түлекке 2 жыл өтеу міндетін ұсынды

2023 жылғы 30 Мамыр
1902 просмотров

Елімізде жыл сайын жұмыссыздардың 32%-ын дипломы бар жұмыссыздар «толтырады». Себебі мектеп түлектері мамандықты емес, колледж не университетті таңдайды. Бітірген соң басқа жұмыс істегісі келеді. Салдарынан жұмыссыздар көбейеді және мемлекеттің грант үшін берген қаржысы тиімсіз болып қалады. Ешкім ұтпайды. Бала жұмыссыз, ал мемлекет шығынға батады. Сол себепті оқушыларға ерте жастан мамандық таңдауды үйрету керек. Мұны оқушының ата-анасына, білім алатын орнына және жұмыс берушіге жауапкершілік етіп жүктеу қажет. Тіпті, мемлекеттің грантына оқыған бала бітірген соң екі жыл «отработка» жасауы керек. Яғни, университеттегідей міндетті түрде мамандығымен жұмыс істеуі тиіс. Мұндай өзгерістерді Ұлттық палата сарапшылары Сенат депутаттарына ұсынды. Неліктен мұндай ұсыныс айтылды, қандай талдау жасалды? Толығырақ «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков баяндады.

Сенатта Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде «Мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін арттыру, сапалы орта білім беруді қамтамасыз ету, жоғары және кәсіптік-техникалық білім берудің даму үрдістері» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті. Ұлттық палата өкілі ұсыныстарын аталған жиында баяндады.

Ұлттық палатаның жоғары оқу орындары мен колледж түлектерінің жұмысқа орналасуына талдау жүргізіп жатқанына төрт жыл болды. Сонда денсаулық сақтау түлектерінің тек 47% және білім берудің 42% мамандығымен жұмыс істейтіні анықталды. Қалған саладағы статистика мәз емес – түлектердің 5-25% ғана дипломына сәйкес мамандықты таңдайды.

«Қазір стратегиялық маңызы бар және жоғары білікті кадрларды талап ететін салалардағы жағдай тым қиын. Ақпарат және коммуникация, байланыс түлектерінің 5%, ауыл шаруашылығы, ветеринария және экология 8%, құрылыс, геология, тау-кен металлургиясы 10% мамандығымен жұмысқа тұрады. Ал елімізде жыл сайын жұмыссыздардың 32%-ын дипломы бар жұмыссыздар толтырады. Жағдайды түзету үшін шұғыл шара қабылдау керек», – деді Тимур Нақыпбеков экономика салалары үшін кадрлар даярлау туралы баяндамасында.

Маманның айтуынша, мәселе мынада: жоғары сынып оқушыларының 75% мектеп бітірерде мамандықты емес, колледж, университетті таңдайды. Кейін бітірген кәсібімен жұмыс істегісі келмейді. Ұлттық палата сарапшылары, проблеманы шешу үшін «ата-аналар – мектеп – колледж – ЖОО – жұмыс берушіге тең жауапкершілік» жүктейтін жүйелі модель қажет деген ұсыныс айтты.

«Оқушыларға жүйелі кәсіптік бағдар беру жеткіліксіз. Мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс әлсіз. Ата-аналар мен оқушылар мектепті бітіретін кезде ғана мамандықты ойлайды. Оқушылар арасында мамандық туралы ақпарат аз. Балалардың қандай мамандыққа бейім екенін анықтайтын диагностика жоқ деуге болады. Мектеп білім береді, бірақ ол функционалды сипатта болмайды. Сол себепті ата-аналар – мектеп – колледж – ЖОО – жұмыс берушінің жауапкершілігі тең болатындай бірыңғай кәсіптік бағдарлаудың жүйелі моделі қажет», – деп ұсынды Тимур Нақыпбеков.

Бұдан бөлек елімізде еңбек нарығының қажеттілігіне қарамай білім беру қызметіне лицензиялар беріледі. Материал-техникалық базасы, профессор-оқытушы таңдағанда қатаң талап жоқ. Жұмыс берушілермен коммуникация әлсіз. Осы мәселелердің бәрі сайып келгенде дипломы бар, бірақ жұмысы жоқ азаматтар көбейте береді. Ал, Қазақстанда жоғары оқу орындарында (69397 – бакалавриат), колледждерде (125 мың) грант көп. Яғни, мемлекеттің гранты тиімсіз бөлінді деуге болады.

Ұлттық палата бұл мәселені шешу үшін Білім министрлігімен бірлесіп, дуальды оқыту жүйесін іске асырып келеді. Осы уақытқа дейін атқарылған жұмысының нәтижесінде кәсіпорындарды дуальды оқытумен қамту 12,5 есеге артқан. Енді шағын және орта бизнесті кадрлар даярлауға тартуды одан әрі ұлғайту үшін кәсіпорындарға экономикалық ынталандыру шараларын енгізу керек.

«Оқу процесінің 60%-ы өндірісте өтетінін ескерсек, мемлекеттік тапсырыстың бір бөлігін, кемінде 30%, дуальды оқытуды ұйымдастыруға жұмсалатын шығындарды өтеу есебінен кәсіпорындарға жіберуді ұсынамыз. Бұл дегеніміз – студентті сақтандыру, шығын материалдары, тәлімгерлердің еңбекақысы және басқалар. Мемлекеттік тапсырыс бойынша колледждің 1 студентін қаржыландыруға 400 мың теңге, ал оқушыға 705 мың теңге, ЖОО студентіне миллионнан астам теңге бөлінеді. Жұмысшы мамандықтарды даярлау сапасының проблемасын шешу ретінде қаржыландыруды ұлғайту қажет», – деді Тимур Нақыпбеков.

Дегенмен, кәсіпорын студенттің дуальды оқытуына толық қосылған кезде, диплом алған студент жұмыс орнына оралмайтын мәселе бар. Осыған байланысты, Ұлттық палата колледж түлектеріне кемінде екі жыл міндетті өтеу, яғни мамандығымен жұмыс істеуді ұсынды.

«Заңнамалық деңгейде («Білім туралы» заңы – авт.) мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын колледж түлектері үшін кемінде 2 жыл міндетті өтеу туралы норманы ұсынамыз. Мемлекеттік білім беру тапсырысы есебінен білім алған жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының барлық түлегін де енгізуді ұсынамыз», – деді Ұлттық палата сарапшысы.

Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіне сүйенсек, Қазақстанның позициясы мәз емес. Инновациялық компаниялар айтарлықтай көбейіп жатқан жоқ, компаниялардың серпінді идеяларды қолдауы әлсіз және басқа көрсеткіштердің нәтижесі төмен.  Сол себепті Ұлттық палата сарапшылары бұл ұсыныстарды экономиканың дамуына қажетті кадр даярлауға серпін беріп, бәсекеге қабілетті мемлекеттің негізі болады деген сенімде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер