«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер палатасы үшжақты меморандумға қол қойды

2023 жылғы 04 Қаңтар
- Қызылорда облысы
9159 просмотров

Былтыр Қызылорда облыстық мемлекеттік кірістер департаменті келісім комиссиясының аясында 161 материалды қарап, оның 160-ын сотқа жіберген. Бұл жағдай кәсіпкерлерді қатты алаңдатып отыр. Мәселені шешуге прокуратура да араласуға әзір.

Мәселе мынада. 2020 жылы Мемлекеттік кірістер департаментінің жанынан адал кәсіпкерлердің құқығын қорғау үшін құрамына Палатаның өкілдері енгізілген келісім комиссиясы құрылады.

Мақсаты мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сотқа жолданатын материалдарды алдын ала қарап, бизнестің және салық органдарының қатысуымен болатын сот процестерін азайту, соттарға жүктемені төмендету болатын.

«Қорғайды» деп құрылған комиссия кәсіпкерлердің «бас ауруына» айналды. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, бүгінде мәмілелерді «жарамсыз» деп тану туралы азаматтық істердің саны артып тұр.

2020 жылы пандемияға байланысты комиссия отырысы өткізілмеді. 2021 жылы комиссияның 8 отырысы болып, онда қаралған 147 материалдың 147-сі де сотқа жолданған. Былтыр өткен комиссияның 10 отырысында 161 материал қаралып, 160-сы сотқа жолданған.

Бұл жағдай кәсіпкерлердің наразылығын тудырып отыр. 2022 жылы мәмілелерді «жарамсыз» деп тану туралы талап қоюға қатысты сотта қаралған 149 азаматтық іске 200-ден аса кәсіпкерлік субъекті тартылған.

«Бизнеске қатысты  азаматтық істер артып, кәсіпкерлерге жүк болып тұр. Себебі, сот процестеріне қатысу қаржылай және уақыт ресурстарын қажет етсе, адал кәсіпкерлерге салықтық ауыртпалықтар күшеюде», – дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

Бұл проблеманы аймақтың бизнес өкілдері Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов пен «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміровтың өткен жылдың қарашасындағы өңірге сапары барысында көтерді.

«Бизнес-омбудсмен мәселені республикалық деңгейде көтеріп, Президентке жеткізетінін мәлімдеді. Жағдайдың күрделілігін осыдан-ақ аңғаруға болады», – дейді Палата басшысы.

Күрмеуі қиын мәселенің себеп-салдарын бірге анықтап, тиісті шаралар қабылдау үшін Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов, облыс прокуроры Нұрлан Бижанов, облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Аманов үшжақты меморандумға қол қойды.

Осындай проблемасы бар бизнес өкілдері Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына жүгінуіне болады. Байланыс нөмірі 8 /7242/ 40-09-81.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер