«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жолаушы тасымалымен айналысатын қызылордалық кәсіпкердің мәселесі шешілді

2022 жылғы 29 Желтоқсан
- Қызылорда облысы
8602 просмотров

9-15 минут сайын әр станция мен разъезге тоқтауға мәжбүр болған қызылордалық кәсіпкердің проблемасын Кәсіпкерлер палатасының мамандары шешіп берді.

Қызылордалық «Марал-Нұр» ЖШС теміржол арқылы жолаушы тасымалымен айналысады. 283 адамды жұмыспен қамтып отыр. Компания 2018 жылдан бастап «Қызылорда-Павлодар» бағытында жолаушы тасымалы қызметін көрсетіп келеді. 2021 жылы жоғарыда аталған пойыз жүрдек пойыз мәртебесін алды.

«Қазақстан Темір жолымен» келісімшартқа отырған серіктестікке 25 станцияның орнына 68 станцияға тоқтау жөнінде талап қойылады. Оның ішінде 13 пунктте мүлде билет сатылмайды.

Әр станция мен разъездің арасы 9-20 шақырымды құрайтынын ескерсек, жолаушылар пойызына 9-15 минут сайын тоқтау қажет. Нәтижесінде пойыздың орташа жүру жылдамдығы 17 км/сағ-қа түсіп кеткен. Бұл жолаушылар тасымалының «жүрдек» пойыз статусына сәйкес келмейтінін көрсетеді.

Кәсіпкер мәселесін айтып тиісті уәкілетті органдарға бірнеше рет жүгінсе де дер кезінде шешіле қоймаған. Сонымен Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрайды.

«Біз бұл проблеманы бірінші өзіміздің алаңда жергілікті атқарушы органдағы жауапты мемлекеттік орган өкілдерімен талқылап алдық. Одан кейін бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов пен «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміровтің Қызылорда облысына сапары барысында кәсіпкер қабылдауға келіп, проблемасын жеткізді», – деді Палата директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

Ары қарай Палата мамандары «Атамекеннің» орталық аппараты арқылы Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіндегі, «Қазақстан Темір Жолы» АҚ-дағы жауапты мамандармен келіссөздер жүргізді.

Нәтижесінде кәсіпкердің қызметіне кедергі келтірген, артық 35 станция алып тасталды. 2023 жылдың ақпанынан бастап «Марал-Нұр» ЖШС келісімшартқа сәйкес жаңа кестемен қызмет көрсететін болады.

«Мәселенің шешілуіне көмек көрсеткен Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновке,  «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров пен Кәсіпкерлер палатасының мамандарына рақмет», – деді «Марал-Нұр» ЖШС құрылтайшысы Мұрат Нұрсаитов.

Айта кетейік, құқығын қорғауға көмек сұрағысы келген кәсіпкерлер Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына 8 /7242/ 40-09-81 байланыс нөмірі арқылы хабарласа алады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер