«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер жер учаскесінің кадастрлық құнын бөліп төлей алатынын біле ме?

2022 жылғы 07 Желтоқсан
- Қызылорда облысы
9785 просмотров

Соңғы он күнде Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына мектепке дейінгі тәрбиемен айналысатын 70-ке жуық кәсіпкерден өтініш түсті. Оған келесі жылдан бастап балабақшаларға берілетін мемлекеттік тапсырысқа қойылатын жаңа талап себеп болып отыр. Қарашаның үшінші онкүндігінде Кәсіпкерлер палатасының мамандары жеке балабақша иелеріне оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 27 тамыздағы № 381 бұйрығынан туындайтын міндеттерді түсіндірген болатын.

Өтініштердің басым бөлігі балабақша қызметін көрсететін ғимарат пен жер учаскесін талапқа сәйкес заңдастырумен байланысты болып тұр.

Жеке балабақша иелерінің басым бөлігі ғимаратты жалға алады. Көп жағдайда жер учаскесі мен ғимараттың иесі нысаналы мақсатын өзгертуге келісе бермейді. Оны кететін қаржы мен құжат әзірлеу мерзімінің ұзақтығына байланысты деп түсіндіреді.

Мәселені шешу үшін Кәсіпкерлер палатасының мамандары әдістемелік көмек көрсетіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Жер учаскесін жеке меншікке ақысын бірден төлеп не бөліп төлеу арқылы сату» мемлекеттік қызметке жатады. Бұл қызметтің стандарты 2020 жылдың 1 қазанында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің № 301 бұйрығымен бекітілген.

Кәсіпкерлер аталған қызметті https://egov.kz/cms/kk веб-порталы арқылы электронды түрде ала алады. Қызмет тегін көрсетіледі және бас-аяғы бес күнтізбелік күнде кәсіпкерге жауап келеді.

Ол үшін кәсіпкерлер мына құжаттарды тапсыруы керек:

1) жер учаскесін жеке меншікке сатуға арналған өтініш;

2) жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);

3) жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнының актісі.

«Осы жылдың қыркүйекте біз Қызылорда қаласының әкімімен және «Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының басшысымен бірге меморандумға қол қойған едік. Аталған құжатты басшылыққа алып, балабақшалар орналасқан тұрғын үй мен жер учаскелерінің нысаналы мақсатын кәсіпкерлік мақсатқа аудару үшін жер және архитектуралық құжаттарды қысқа мерзімде рәсімдеу жұмыстарын жолға қойып отырмыз. Мәселен, стандарт бойынша мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 5 күнтізбелік күнді алатын болса, кәсіпкер Палата арқылы құжат өткізген жағдайда 1 жұмыс күнінде бітіре алады», – дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

Нысаналы мақсатты ауыстыру барысында кәсіпкерлерді алаңдатып отырған проблеманың бірі – кадастрлық құнға кететін қаржы. Кей кәсіпкер жер учаскесінің кадастрлық құнына кететін қаржыны бірден төлеуге мүмкіндігі бола бермейтінін жеткізіп отыр.

Айта кетейік, қарашада Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың төрағалығымен өткен кәсіпкерлік саласында туындаған мәселелерді шешуге арналған жұмыс тобында Кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені көтерді. Отырыста Серік Қожаниязов қала, аудан әкімдеріне бизнес өкілдерінің кадастрлық құнды бөліп төлеу құқығы бар екенін кеңінен ақпараттандырып, түсіндіруді тапсырды.

Бұл тәжірибе Қызылордада кең тараған, соңғы 5-6 жылда қалалық әкімдік кәсіпкерлерге үш жылда бөліп төлеуге мүмкіндік беріп отыр. Ендігі жерде осы тәжірибені барлық кәсіпкердің пайдалануға мүмкіндігі бар. Ол үшін кадастрлық құнға байланысты келісімшарт жасау барысында бөліп төлеу мерзімін көрсетуі керек.

Жоғарыда аталған бұйрыққа сәйкес кәсіпкерлерге қойылатын талап бойынша Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы әдістемелік нұсқаулық дайындады. Ол нұсқаулықпен мына сілтеме арқылы танысуға болады  https://www.facebook.com/groups/KyzylordaBiz/permalink/2165992746933981/?mibextid=Nif5oz

Осы мәселеге қатысты қосымша сұрақтар туындаған жағдайда 8 /7242/ 40-09-81 байланыс нөмірі арқылы Кәсіпкерлер палатасынының мамандарынан кеңес алуға болдады. Жауапты мамандар: Гүлмира Әлназарова, Мәдина Қасымжан.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер