«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстан Қытайдан контейнерлерді жөнелтуді тездетуге өтініш білдірді

2022 жылғы 04 Сәуір
8004 просмотров

Кәсіпкерлер «Атамекен» ҰКП-ға Қытайдан Қазақстанға жүк жөнелтуді тездету өтінішімен жүгініп, ҚХР станциялары мен порттарында тұрып қалған контейнерлер туралы деректерді жіберіп жатыр.

 2021 жылдан бастап отандық кәсіпкерлер Қытай Халық Республикасының аумағында контейнерлердің тұрып қалуы туралы хабарлай бастады. Соның салдарынан транзит саласында проблемалар туындады. Бұдан бөлек, былтыр көрші ел  жазғы уақытта темір жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «сұйық жүктерді», соның ішінде өсімдік майларын тасымалдауға тыйым салды.

 Кәсіпкерлер қауіпсіздіктің барлық шарасын бұлжытпай орындап жатыр: өсімдік майлары контейнерлерде өндіруші шығарған жұмсақ флекс-бегтерде тасымалданады. Бұл ыдыс түрі Қытай теміржолы тарапынан сертификатталған, тасымалдау қаптамасы әдеттегі тәртіпте және одан тыс жағдайда осындай жүктерге қойылатын барлық норма мен талаптарға толықтай сәйкес келеді.

«Мәселені шешу үшін кәсіпкерлер сұйық жүктерді тасымалдау кезінде жауапкершілікті қосымша ерікті сақтандыру мәселесін қарастыруға да дайын. Алайда, Қытай аумағында тек сұйық жүктер ғана емес, транзитке рұқсат етілген шикізат та бар, онсыз көптеген кәсіпорын жұмыс істей алмайды және өздерінің келісімшарттық міндеттемелерін орындай алмайды», – деді «Қазақстан май-тоң май одағы» қауымдастығының президенті Константин Невзоров.

 Былтыр тыйымдарға байланысты Одақ мүшелері тропикалық майларды жеткізуді басқа көлік каналына – Украина мен Ресейдің Қара теңіз порттары арқылы жеткізуге мәжбүр болды. Бұл шара жеткізілімнің қымбаттауына әкелді. Кәсіпкерлер келісімшарттық қатынастарды бұзбау және жұмыс орындарын сақтау үшін төлеуге дайын болды.

 «Қазір жағдай қиын. Осы транзит маршруты Ресей мен Украина арасында орын алған жағдайға байланысты белгісіз мерзімге жабылды. Қытайдан қазақстандық контейнерлердің тез арада жеткізу және проблеманың шешімін іздеуге басымдық беріледі. Біздің Одақ диалогқа қатысуға және мәселені шешу үшін мемлекеттік органдарға барлық қажетті техникалық дерек пен дәлелдерді беруге дайын», – деп қосты спикер.

 Қазіргі кезде Ұлттық палата түрлі жүк: жабдық, машина жасау құрауыштары, шикізатпен тұрып қалған 1340-тан астам контейнер туралы деректерді Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Сыртқы істер министрліктеріне және «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамына жіберді.

 «Қазақстан мен Қытайдың екі теміржол әкімшілігі арасындағы келіссөздер аясында «Қазақстан темір жолы» АҚ тоқтап тұрған вагондар мен контейнерлерді Қазақстанға жедел жөнелтуді ұйымдастыруды сұрап хат жолдады. Қытай тарапының сендіруін ескере отырып, қазақстандық жүктердің тезірек жөнелтілуіне үміттенеміз», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Логистика және тасымалдау департаментінің директоры Мұрат Амрин.

Бұл механизм Үкіметтің дағдарысқа қарсы ұлттық штабы жанындағы жұмыс тобында қаралды. Уағдаластыққа сәйкес, ҰКП сарапшылары немесе кәсіпкерлер шекарада тұрып қалған контейнерлер туралы деректерді Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Сыртқы істер министрліктеріне және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-қа тікелей жібереді. Олар өз кезегінде ҚХР теміржолы және порттарымен мәселелерді нақты пысықтайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер