«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматыда 8 мыңнан астам бизнес субъектілерінің жұмыс уақыты ұзартылды

2021 жылғы 09 Тамыз
- Алматы қаласы
13452 просмотров

«Қоңыр-қызыл» аймақтағы Ashyq жобасының қатысушылары үшін жұмыс уақыты 2 сағатқа ұзартылды. Ерікті қатысушылар бұл преференцияны пайдалана алмайды.

ҚР БМСД 29 шілдедегі №33 қаулысына сәйкес «Ashyq» жобасына қатысатын кәсіпкерлік субъектілеріне 9 тамыздан бастап сағат 22.00 - ге дейін, ал «Ashyq» көшбасшысы» мәртебесі бар объектілерге сағат 00.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді.

Эпиджағдайды бағалау матрицасында «қоңыр-қызыл» аймақ ұғымының енгізілуімен көптеген нысандарға, соның ішінде Ashyq көшбасшыларына демалыс күндері жұмыс істеуге тыйым салынды. Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бұл тыйым 16 тамызға дейін сақталатынын нақтылады. Бірақ сонымен қатар, демалыс емес күндері нысандардың жұмыс істеу кестесі қайта қарастырылды.

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың Ashyq жобасына белсенді қатысатын бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесуінде адал бизнес субъектілерінің жұмыс режиміне қатысты бірнеше рет сұрақ қойылды. Ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында «Атамекен» ҚР ҰКП 9 тамыздан бастап «қоңыр-қызыл» аймақтағы Ashyq жобасының қатысушылары үшін жұмыс кестесі бойынша артықшылықтар беру ұсынысымен шықты. Сондай-ақ, кәсіпкерлермен кездесу барысында Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин бизнес үшін оны адал болуға ынталандыратын преференциялар жасау керектігін атап айтқан болатын.

«Жұмыс критерийлері, преференциялар мен бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстары талқыланған барлық кездесулер өз жемісін берді, бұл, әрине, кері байланыс бар екенін білдіреді. Бүгінгі таңда Алматы бойынша Ashyq жобасының 19450 қатысушысы бар, оның ішінде 11208 нысан - ерікті қатысушылар. Демалыс күндері «қоңыр-қызыл» аймақта орналасқан нысандардың жұмыс кестесі туралы сұрақтар саны екі есеге артты. Кәсіпкерлер ҚР БМСД 29 шілдедегі №33 қаулысының мәтінінде жұмыс уақыты екі сағатқа ұзартылатынына аса мән берді. Бірақ қаулының қосымшасында басқа жұмыс кестесі көрсетілген болатын. Келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін, 9 тамыздан бастап Ashyq жобасының қатысушыларына жұмыс режимі екі сағатқа ұзартылғанын ресми түрде мәлімдейміз», - деп Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов хабарлады.

Жобаның ерікті қатысушыларына келетін болсақ, олар бұл жеңілдіктерді пайдалана алмайтындығын естеріңізге саламыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер