«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ұлттық кәсіпті жаңғыртқан шебер

2021 жылғы 18 Маусым
- Павлодар облысы
5478 просмотров

«Шебердің қолы ортақ», – дейді халқымыз. Бүгінде ағаштан түйін түйетін шеберлерді кездестіру оңай емес. Бірақ сондай шебердің өзіміздің ауылда тұрып жатқанын екінің бірі білмейді. Ол өз ісін енді бастап жатқан Игорь Гараев.

Ежелден қазақ халқында он саусағынан өнер тамған шеберлер көп болғанын білеміз. ХІХ ғасырда өзіміздің Песчан жерінде өмір сүрген Ақбұзау шебер туралы тарихтан мәлім. Халқымыз күнделікті тұрмыс құралдарын, үй жабдықтарын ойып жасап қана қоймай, ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендіріп, ұлтымыздың болмыс-бітімін өнер арқылы бере білген. Тұрмыстық бұйымдарды жасайтын шеберлерді бүгінде тоқушылар деп атайды екен.

«Ағаштан бұйым жасау үшін алдымен ағаштың лайықтысын таңдап, керек жерін кесіп алып, біраз уақыт кептіріп қою керек. Әйтпесе ағаш жарылып кетуі мүмкін. Тұрмыстық заттарды жасау үшін терек пен қайың ағашын қолданған дұрыс», – үш жылдан бері ағаштан түйін түйіп жүрген татар ұлтының өкілі Игорь Гараев осылай дейді.

Қазіргі заманға сай етіп ағаштан түрлі ұлттық бұйымдар жасаумен айналысып жатқан жеке кәсіпкердің күнделікті үй тұрмысына қажетті заттары көпшілік халықтың жоғары сұранысына ие болып отырғанын атап өткен жөн. Ағаш өңдеудің қыр-сырын жақсы меңгерген ағаш шебері Павлодар қаласында туып-өскен. Сурет салуға мектеп жасынан әуес болса, ағашпен жұмыс жасау ісімен 19 жасынан айналысады. Қазір Игорь Тереңкөл ауылында тұрады. Ол мектеп бітірісімен музыкалық білім алып, әрі қарай мүсін өнері, сурет салуға оқытатын көркем сурет мектебінде білім алған. Шебердің айтуынша, ағаш бұйымдары ыңғайлы әрі қолдануға тиімді.

Игорь астау жасауға тоқталып өтті. Ең алдымен ағаштың сапасы жақсы болуы керек. Екіншіден, ағаш өңделіп, тазаланалды. Үшінші кезеңде дайын ағаштың үстінен өрнек салынып, ойылады екен. Одан кейін астаудың астыңғы жағы шығарылады. Үш күнде бір майланып, кептіріледі. Ең бастысы бұл бұйымдар тұрмыстық зат есебінде ғана емес, қазақ халқының асыл мұрасы, ұлттық құндылықтары екенін атап өтті.

Сурет салу және қолданбалы өнермен айналысатын жеке кәсіпкер 2019 жылы «Еңбек» бағдарламасының «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, жақында  583 мың теңге қайтарымсыз грант алды. Оның жобасы ағаштан ұлттық нақышта жасалған ыдыс аяқ пен үй жабдықтарына арналды. Ағаштан ойып ыдыс жасаумен ол үш жыл айналысып келеді. Жеке кәсіп ашқан жас жігіт қазір ағаштан астау, ожау, оқтау, кеселер мен бесік, сандықтар, дөңгелек үстелдер жасаумен айналысуда.

Игорь қайтарымсыз грант қаражатына шеберханаға қажетті құрал- жабдықтар сатып алды. Алдағы уақытта «Бастау Бизнес» жобасы аясында төменгі пайызбен жеңілдетілген несие алып, жеке бизнесін кеңейтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар жаңа жұмыс орнын ашсам дейді.

«Өнер таусылмас азық», дегендей, он саусағынан өнер тамған, жеке бизнесін ашқан ағаш шеберін әңгімеге тарттық.

«Ағаштан әсем бұйым жасаудың өз ерекшеліктері бар. Былтыр Көкшетау қаласында сегіз ай болып, белгілі ағаш шебері Марлен Уаисовтан шеберлік сабақтар алып, астау жасаудың қыр-сырын үйрендім. Кәсіби шеберлігімді кеңейттім. Енді ағашты көркемдеп өңдеу әдісінен өзімнің біраз болсын іс-тәжірибем бар. Қазақтың ата кәсібін терең игеріп, кәдімгі ақ қайың ағашынан тамаша ұлттық нақыштағы үй тұрмысына қажетті дүниелерді жасаумен айналысып жатырмын. Қазақ халқы қолөнерге өте бай халық қой. Бұл кәсібім өзіме қатты ұнайды», – дейді кәсіпкер.

Шебер ағаштан әсем бұйым жасаудың ерекшеліктері барын айтады. Алдымен жұмысқа қажетті ағаш түрлерін, оның қасиеттерін анықтап, ағаштың тығыздығын, жұмсақ, қаттылығын таңдайды. Ол ең бірінші қымыз ішетін ыдыс пен ет салатын астау жасаудан бастаған.

«Алғашында қиындықтар болды. Уақыт өте шыңдалдық. Кәсібімнің табысы отбасымды асырауға жетеді. Әрбір сатқан бұйымнан түскен қаражатқа жұмысқа қажетті жабдықтарды алуға тырысамын. Өйткені бүгінгі нарық жағдайында ағаштан жасалған мұндай өнер туындылары өте қымбат тұрады. Бір үлкен ақ қайың тақтайынан мен үш астау жасап шығарамын», – деп бөлісті Игорь.

 Ал бір тақтай қазір 50 мың теңге тұрады. Бір астауды жасауға үш күн уақыт кетеді. Табақ жасауда шебер тек ақ қайың ағашын қолданады екен.

«Жеке кәсібімді ашып, бүгінде нәпақа тауы отырған жайым бар. Екі қолына күрек таба алмай жұмыссыз жүрген, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен аз қамтылған көпбалалы отбасыларына жеке кәсіппен айналысуға осындай жақсы мүмкіндіктер берген мемлекеттік «Бастау Бизнес» жобасына, Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының Тереңкөл аудандық филиалына айтар алғысым зор», – дейді жас кәсіпкер.

Игорь бос уақытында гитарада, үрмелі аспаптарда ойнап, карандашпен фотопортреттер салумен әуестенеді. Тереңкөлдік шебер аудан, облыстық байқауларға қатысып, өз туындыларымен көпшілікке танымал. 2015 жылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жарияланған «Жемқорлыққа – жоқ» атты плакаттар байқауында Игорь бірінші орынға ие болды. Оның үйінде жеке картиналары мен портреттері өте көп. Ағаштан ою ойып, гипстен түрлі фигуралар жасап, тастан да ою жасайтын өнері бар. Бір сөзбен айтқанда сегіз қырлы бір сырлы.

 Қазіргі уақытта жеке кәсіпкер тапсырыс бойынша қыз ұзату тойына арнайы қазақтың сандығы мен дөңгелек үстел жасау үстінде. Ол сондай-ақ ағаштан бесік те жасайды. Ағаштан ойып, тамаша ұлттық стильдегі туындыларды жасап жатқан шеберге анасы Ольга Анатольевна да көмек көрсетеді. Ағаш шеберінің қолынан шыққан эсклюзивті тұрмысқа қажетті экологиялық таза ағаш бұйымдары өзінің ұлттық нақышымен, қайталанбас ою-өрнегімен, қолжетімді бағасы, жоғары сапасымен, әдемілігімен әр қазақтың дастарқанына ерекше сән беретіні сөзсіз.

Күнделікті үй тұрмысына қажетті жиһаздар мен ыдыс-аяқты қолдан жасап ұлттық өнеріміздің өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген ағаш шеберінің қолынан әлі талай тамаша құнды туындылардың шығатынына біздер сенеміз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер