«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шаруасы ширақ шаруа қожалығы

2021 жылғы 12 Мамыр
- Павлодар облысы
4840 просмотров

Өңірде төрт түлікті өсіріп, шаруа қожалығын басқарып келе жатқан әйелдер де аз емес.

Солардың бірі Жылыбұлақ ауылдық округінде тұратын шаруа қожалығының жетекшісі – Жүсіпова Нағима Қариполлақызы. Осыдан сегіз жыл бұрын Нағима ханым шаруа қожалығын құрған болатын. Жылдар өткен сайын кәсіпкер шаруашылығының жұмысы алға басып келеді.

 «Жас кезімізден ауыл шаруашылығына, соның ішінде мал өсіруге жақын болып өстік. Әкеміз Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Майдан даласында жарақат алып елге оралды. Жалпы біз отбасында 8 бала болдық. Мен кенжесі едім. Сегіз баланы өсіріп, ержеткізу оңай емес. Ата-анамыз малды көбірек ұстады. Әкеміздің майдан даласында алған жарақаты ауыр болғандықтан қолдағы малды бағып-күту балаларына жүктелді. Сол себепті мен төрт түлікке жақын өстім», – дейді Нағима Қарпиоллақызы.

Шаруа қожалығын құрғанға дейін Нағима ханым жеке меншігіндегі малды өсірумен шұғылданды. 2013 жылы «Жүсіпов» шаруа қожалығын құрып, мал басын көбейтуді қолға алады. Бүгінде қожалықтың иелігінде 100 бас ірі қара, 200 бас қой, 20 бас жылқы бар. Лизинг арқылы екі трактор сатып алған. Бүгінде 6 адамды еңбекпен қамтып отыр.

 «Қожалықта 6 тұрақты жұмыскер бар, маусымдық жұмыс кезінде қосымша еңбек күшін де тартамыз. 800 гектар жеріміздің жартысы – егістік. Осы егістік алқабына арпа, бидай, сұлы егеміз. Алынған өнімді мал азығына жаратамыз. Нақты айтқанда, мал азығын толығымен өзіміз дайындап аламыз. Нәтижесінде мал қыстан қоңды шығады», –дейді Н.Жүсіпова.

Нағима Қариполлақызы – екі баланың анасы. Үлкен ұлы Ерқанат Бас прокуратурада прокурор болып қызмет істесе, кішісі – Ерсұлтан өзінің көмекшісі. Тағы бір атап өтерлігі, Нағима Қарпиоллақызы өткен сайлауда облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланған. Бұл әрине, оған жүктелген үлкен сенім.

Кәсіпкердің алдағы жоспары – мал басын көбейту. Осыған орай кәсіпкер бүгінде үлкен мал базасын салуда. Күзге дейін құрылыс жұмыстарын аяқтамақ. Бүгінде қара мал тұқымын асылдандыруды қолға алған. Етті тұқымды да, сүті тұқымды да өсіріп отыр. Сүт – негізгі кіріс көздерінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар жекелеген жұмысшыларын баспанамен де қамтамасыз етіп отыр. Шаруа мал басын көбейту үшін жайылымдық, шабындық жер қажет екенін де атап өтті. Әлі де 500-600 гектар жер қажет дейді. Кәсіпкер жылқы мен ірі қара мал басын көбейтуді жоспарлап отыр. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де назардан тыс қалдырмайды. Аз қамтылған және көп балалы отбасыларға үнемі көмек көрсетіп отырады. Шаруа қожалығы биыл бір жылқының етін аз қамтылған отбасыларға көмекке таратты.

 «Атамекен» палатасының аудандық филиалы өз кезегінде «Жүсіпов» шаруа қожалығына қаржылай емес қолдау іс-шараларын көрсетіп келеді», – деп, атап өтті аудандық кәсіпкерлер палатасының басшысы Б.Омарова.

 

 

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер