«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Бастау» жобасы арқылы 18 жасында кәсіп ашқан жігіт бүгінде ірі шаруа қожалығының иесі

2021 жылғы 26 Наурыз
- Павлодар облысы
8245 просмотров

Екібастұз қаласының тұрғыны Ғайса Әлдибеков 2013 жылы жеке кәсіпкер атанды, төрт жылдан соң «Балтабай» шаруа қожалығына жетекшілік етіп, бүгінде табысты кәсіптің иесі болып отыр

 «Кәсіп жолын кәсіпкерлікті қолдау орталығына барудан бастадым. Жас болсам да алдыма міндет қойдым – ауыл шаруашылығында жеке кәсіп ашу», – дейді кәсіпкер.

 Әрине, кәсіп бастағысы келген жігіт мемлекеттік қолдауынсыз болмайтынын, мал шаруашылығы сынды сала қажырлы еңбек пен сабырды талап ететінін жақсы түсінді.

 «Бұл салада тез пайда болмайтытын ұғындым. Мемлекет тарапынан фермерлерге қандай қолдау шаралары ұсынылатынын білдім. Жеке кәсіпті бастау үшін барлық мүмкіндіктерді қалт жібермеу керек деп шештім. 2017 жылы Павлодар облысы ӨКП Екібастұз аудандық филиалында «Бастау» жобасы бойынша оқып шығу мүмкіндігі бұйырды. Бұдан бөлек, жергілікті тұқымды және сүтті бағыттағы жылқыны өсіру технологиясын меңгердім. Оқудан соң бизнес-жоспар дайындап, оны комиссия алдында сәтті қорғап шықтым. Кәсіпті бастауға Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы жылдық 6 пайызбен 3 млн теңге несие алдым. Қазіргі кезде несиемді толық жауып тастадым, алға жоспар көп», – деді фермер.  

 Бүгінде «Балтабай» шаруа қожалығында 77 бас ірі қара, 100 бас жылқы, 114 бас қой және 2 мың га жайылым жер бар.

 «Жақсы нәтижеге жету үшін ірі мақсат қою керек деп санаймын. Менің міндетім – кәсіпті ары қарай кеңейту, мал басын өсіру, өнімді өңдеу. Болашақ ауыл шаруашылығында екеніне сенімім мол. Қызмет жасау жолымда Кәсіпкерлер палатасымен үнемі байланыстамын. Әр істе қиындықтар туындап жатады. Палата бизнесіме қатысты әр мәселе бойынша сүйемелдеу көрсетіп келеді. «Атамекен» ҰКП – менің іскер серіктесім дегім келеді», – деді шаруа.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер