«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Хас шебер ауылдан шәкірттер дайындай бастады

23 Қазан 2019
310 просмотров

Маңғыстаулық Әуес Сағынаева бала кезден киіз басып, киіз үй жабдықтарын жасап үйренді

Қолынан шыққан бұйымдарына көпшілік қызыға қарап, тамсанатын еді. Осы салада арнайы, жоғары білім алмаса да білгірлерден үйренгені көп болды. Тынымсыз ұзақ жылғы еңбектің жемісі де аз болмады. Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан қолөнер шеберлері Одағының мүшесі, Маңғыстау облысы қолөнер шеберлері Одағының президенті, «Алтын оймақ» қолөнерді қолдау қорының жетекшісі. Жақында Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қолөнер шеберлерінің форумына барып, шеберлік сағатын өткізуінің өзі оның еліміз бойынша айтулы маман екенін аңғартса керек.

Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, Маңғыстау аудандық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен Әуес шебер алғаш болып шеберлік сағатын Шетпе ауылынан бастады. Оған ауылдың 20 қыз-келіншегі қатысуда. Қолөнерге қызыққан, алда кәсіп ашқысы келетін нәзік жандыларды үйрету тегін. Бүгін олар кереге таңғыш тоқып үйренді, киіз басып машықтанды. Маңғыстау облысында ұмытылып бара жатқан қазақтың дәстүрлі қол өнерін жаңғырту және кәсіпкерлікке баулу аясында өткен шараға  Әуес Сағынаевамен бірге Маңғыстау ауданында киіз үй жабдықтарын жасау, ескі қолөнер бұйымдарын қайта жаңғыртумен айналысып жүрген «Асыл қазына» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Күміс Қосбай және өңірге белгілі киіз үй жабдықтарын, қазақтың қолөнерін дамытуға зор үлес қосып жүрген шебер Шарқат Төлемісова да қатысты. Үйренгендеріне дән риза болған қыз-келіншектер Маңғыстау аудандық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасына шексіз алғысын білдірді.

Жеке кәсіпкер Жанна Аманқұлованың айтуынша, Әуес апаның өзінен қолөнер бұйымдарының қыр-сырын үйрену үлкен мәртебе. Өйткені Маңғыстауда одан өткен хас шебер жоқтың қасы. Ұлттық өнерімізді ұлықтап, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу үлкен игі іс.

«Ұлттық қолөнеріміз мәдениетіміздің, салт-дәстүріміздің бір бөлігі. Оны кейінгі ұрпаққа мұра қып үйретіп кету парызымыз деп санаймыз. Өйткені саф өнерді жіті білетін шеберлердің жасы 70-ті алқымдап қалды. Білгенімізді, бойымыздағы шеберлікті жастарға сіңіріп жатқан жайымыз бар. Туризмді дамытқымыз келсе, мәдениетті де ұмытпауымыз керек. Елге келген турист тарих пен мәдениетпен танысқысы келеді. Былтыр жапониялық турист қолөнер шеберлерін аралағысы келді. Енді арнайы орталық құрылса құба құп», – дейді шебер.

 Шеберлік сағатында қатысушылар текемет, алаша тоқу, киіз басу, бау-басқұр, киіз үй жабдықтарын тоқуды үйренетін болады. Шара соңында оларға арнайы сертификаттар табысталды. Енді олар өз кәсіптерін ашып, ұлттық өнерімізді дәріптеуіне болады.

Әуес Сағынаева мұндай шеберлік сағаттарын Маңғыстаудың барлық ауылдарында өткізуді жоспарлап отыр.

Пікір қалдыру:

Пікірлер:

Серіктестер